Бүгін 6-сәуір мультфильм күні

663

Бүгін 6-сәуір мультфильм күні. Мультипликациялық бейнелерді салу 1877 жылы пайда болған. Ал қазіргі таңда бұл өнер бүкіл әлемде дамыған. Арнайы компьютерлік бағдарламалардың арқасында түрлі жарқын кейіпкерлерді жасауға болады. Бүгінгі образдар қаншалықты балаларды тәрбиелеуге үлесін қосып жүр және оңтүстік аниматорларының қарқыны қандай?

Мультфильмде кейіпкердің 1 секундағы қимылы үшін 24-25 кадр салынады. Осыдан-ақ, анимация өнерінің қаншалықты қиын екендігін білуге болады. Қаламыздағы өнердің осы бағытындағы студиялардың бірі «Сақтың» жұмысын бастағанына 10-жылдан асыпты. Бұл уақыт ішінде мұндағы мамандар 400 минутқа жуық түрлі аниматорлық жұмыстарды жасаған. Арасында Қазақфильмнің де тапсырыстары бар. Өз-өздері қаржыландырып жүрген студия жақында әлемдік прокатқа шығарылатын толық метражды дүниені қолға алды.

Қазақстанда 1 минуттық мультфильм жасау үшін 1 миллион теңге қажет. Қаражат қолда болса, айына 10 минуттық, жылына 30-40 сериялы анимациялық фильм шығарар едік деп армандайды «Сақ» студиясының суретшілері. Ал облыстық мәдениет басқармасы жергілікті қазынадан мультфильмге арнайы қаржы қаралмайтынын айтады. Тек үздік шығармаларға шығын шығаруға дайын.

Осыған қарамастан мына жастар болашақта елімізде анимация өнерін дамытуға үлес қосуға бел буды. Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет колледжі жаңа оқу жылында анимациялық кескіндеме мамандығы бойынша алғашқы курсын ашты.

Бөлімнің алғашқы шәкірттерінің мақсаты биік. Қазіргі қазақ мультфильмінде жоқ кейіпкерлердің образын жасауды ойлап жүр олар.

Биыл әлемнің және еліміздің бірқатар мультфильм майталмандары қаламызға жиналады. «Алтын жебе» фестивалі өтеді деп жоспарлануда.