Шетелдік әншілер Түркістанда қазақ тілінде ән шырқайды

39

Түркістанда кейінгі 4 жылда әлемдік талапқа сай бірқатар мәдени нысандар бой көтерді. Облыстың мәдени туризмін дамытамыз деген жауаптылар алда бірқатар ауқымды жобалар жоспарда бар екенін жеткізді. Оның бірі халықаралық «Тұран даусы» жобасы қазан айының 19-20 күндері өтеді деп көзделіп отыр.

Түркістанда екі жылдан бері онлайн өткізіліп келген халықаралық «Тұран даусы» жобасы биыл алғаш рет офлайн форматта өтеді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді. Сөзінше, жобада әлемнің 15 елінен келген әншілер қазақ тілінде өнер көрсетеді. Шара қазан айының 19-20 күндері Конгерсс холда өтеді деп жоспарланып отыр.

Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы:
«15 мемлекеттің әншілері. Олар Италия, Болгария, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің өнерпаздары келіп қазақша ән айтады. Бұл қазақ тілін насихаттау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Екінші турда қазақтың эстрада жұлдыздарымен қазақ тілінде дуэт орындайды».

Түркістанда офлайн форматта алғаш рет қолға алынған жоба қазақ тілі мәртебесінің көтерілуіне және рухани астананың туризм саласының дамуына ықпал етеді. Яғни, Түркістанның мәдени туризмін ілгерілетеді. Сондықтан алдағы уақытта күнгей өңірге келуші туристер үшін ауқымды жобалар ұйымдастырылу жоспарда бар. Өйткені, киелі шаһарға келгендер зиярат етумен ғана шектелмеу керек дейді басқарма басшысы.

«Драма театрымыздағы бір «Бөрте» спектаклінің премьерасына Қазақстанның түкпір түкпірінен қаншама көрермен келді. Бұл да бір туризм. Мәдени туризмнің дамып жатқаны бұл. Енді Түркістан қаласы тек зиярат туризм ғана емес, сонымен қатар мәдени туризмде қатарласып дамуы керек. Өйткені, турист барған жерде тек зиярат етіп қана қоймай, мәдени іс-шараларды да тамашалау керек. Сол себептен бізде көптеген музейлер ашылып жатыр. Келген туристер музейлерді көреді. Спектакльдеріміз бар»,-дейді Әзімхан Қойлыбаев.

Жалпы, облыс құрылғалы бері 4 жылда күнгей өңірде 8 үлкен мәдени нысан бой көтерген. Сонымен қатар қазір тағы бір музейдің ішкі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауаптылар алдағы уақытта мұндай мәдени орындардың санын арттырамыз деп отыр.