Бау-бақша қамына кірісіп кеткен болсаңыздар, ісіңіз жемісті болсын дейміз! Әйтсе де, агроном мамандар айтқан кеңестерге құлақ түргендеріңіз артық болмас. Себебі қанша жерден көктем шықты, жер жылыды дегеніңізбен, кейбір өсімдіктерді үсік «ұрып» кетуі мүмкін. Ауа-райын болжаушылар да сәуір айының орта тұсында күн суытып, аяз болады деген. Олай болса, тәжірибелі мамандардың айтарына ден қоялық…
Сонымен, көктемнің алғашқы айларында әдетте жеміс ағаштары мен көкөністердің түрлерін еге бастаймыз. Өсімдіктерді түрлі әдістермен егуге болатыны баршаға мәлім. Бірақ біздің өңір үшін анағұрлым қолайлы болатын егу тәсілі арнайы ылғалды жер қалыптастыру. Ағаштарды отырғызбас бұрын алдын-ала топырақты дайындап алу керек. Негізінен Оңтүстік топырағының құнарлылығы төмен. Көбіне саз топырақты болып келеді. Құрамында нәрлі заттар аз, сондықтан нашар дренаждық қасиетке ие. Жаңа отырғызылатын жеміс ағаштарын екпес алдын, жерасты суының деңгейіне жақынырақ болуын қамтамасыз ету керек. Жерасты суларының деңгейі көбінесе жер бетіне жақын орналасады. Оның биіктігін анықтау үшін тереңдігі 1-1,5 м болатын шұңқыр қазып, оны 2-3 күнге қалдыру керек. Содан кейін жерасты суларының орналасу тереңдігі белгілі болады.
Егер сіз ағаш отырғызбақ болсаңыз, ең алдымен жақсы дренаж жасап ашу керек. Егер ағашты суарғаннан кейін су төменге қарай ағып кетпесе, теректің тамырының айналасына жиналатын болса, онда тамырлары шіріп, өсімдік өліп қалады. Егетін жерге су құйып, судың қалай аққанын бақылаңыздар. Су ағып кеткеннен кейін жерді қазып, қарауға болады. Егер су нашар ағатын болса, жоғарғы қабаттарға тұрып қалады да, топырақ сазға айналып, суды өткізбейді. Демек, топырақтың физикалық қасиеттерін өзгерту немесе оны алмастыру керек.
Тұзды жерасты сулары жақын орналасқан жерлер қайта сазданып қалмас үшін дренаждық қабат төсеуге болады. Ол түтіктер арқылы топырақтағы тұзды көтермей ұстап тұрады. Ол үшін қиыршық тастар, ұсақ тастар, ірі қиыршақ тастар, керамзит, уатылған кірпіш пен басқа да ірі түйіршікті материалдарды пайдалануға болады. Толтырғыштағы саңылаулар топырақпен бітеліп қалмас үшін дренажды қабатты топырақтан органикалық емес материалмен бөлу керек. Әдетте дренажды қабат шашақты тамыр жүйесі бар өсімдіктің (алма ағашының) түбіне төселеді. Ал өзекті тамыр жүйесі бар өсімдікті (алмұрт, шие) құрамында тұзы аз және тұзды жерасты сулары төмен деңгейде орналасқан учаскелерге отырғызған жөн. Әйтпесе, шыбық талдар өскеннен кейін тамырлары топырақтың төменгі тұзды қабаттарына немесе тұзды жерасты суларына жеткен кезде, ағаш кеуіп, оны үнемі қиып отыру керек болады. Сондай-ақ, жерасты сулары жоғары орналасқан жерлерде көшет отырғызылатын орындарды үйме топырақтармен көтеріп, үйме топырақтан егетін шұңқырлар жасаған жөн.
Топырақты ауыстыру немесе бар топырақты пайдалану кезінде өсімдіктің бой алып кетуіне жағдай жасау үшін мынадай әдістерді қолдануға болады. Тереңдігі 80-100 см болатын отырғызылатын шұңқыр қазылады. Оның түбіне жоғарыда көрсетілгендей дренажды қабат төселеді. Дренажды қабаттың қалыңдығы 8-10 см болуы мүмкін. Содан кейін шұңқырға 3:1 есебімен көң араластырылған топырақ себеді. Қоспа үшін шіріп біткен көңді пайдаланған маңызды. Әдетте мұндай ұнтақталған көңнің иісі болмайды. Егер көң ескі болмаса, оны топырақпен араластырып, бірнеше ай қойған дұрыс. Топырақтың дренаждық қасиетін жақсарту үшін азғана ірі түйіршікті құм немесе құрамында тұзы аз «ПГС» топырағын (арнайы тыңайтқыш) қосуға болады. Отырғызатын шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, оны суға толтыра алу үшін отырғызылатын шұңқыр көлеміндей қуыс жасалады. Жасалған қуыстарды кем дегенде 30-45 күн суару керек. Топырақты дайындау мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, оның қасиеті де соғұрлым жақсарады. Суаруды күн сайын емес, отырғызатын қуыстағы топырақтың кебуіне қарай суарады. Осылайша, уақыт өте келе топырақтың қасиеті өзгереді.
Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Осындай өсімдіктердің жерсіну ықтималдығы көп жылғы өсімдікке қарағанда анағұрлым жоғары болады.
Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана. Енді оған күтім жасау керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасау керек. Суару ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарай жүзеге асырылады. Суару жиілігі мен мөлшері ауа-райына байланысты анықталады. Ағаш отырғызылғаннан кейінгі алғашқы жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланған дұрыс. Ал минералдарды келер жылдары қосуға болады. Суарудан басқа өсімдікті байлау (тамыр жүйесін нығайту және желді күні қорғау үшін), жабындау (ағаш діңінің айналасында ылғалды ұстап тұру, тамыр жүйесі үшін көлеңке жасау, жазда шыжыған күн сәулесінен қорғану және суық кезде тамырларды жылыту үшін және т.б.), пішінін ретке келтіру үшін бұтақтарын кесу және тіршілік ету әрекетін жақсарту, жапырақтарын сирексіту, ағаштың басын және діңін зиянкестерден қорғау үшін түрлі препараттармен өңдеу, қыста тамыр жүйесі мен діңдерін аяздан қорғау керек.
КӨКӨНІСТЕР ЖАЙЫН ДА БІЛІҢІЗ
Белгілі бір жағдайы жасалған жер учаскелері бар адамдар үшін көкөніс өсіру жақсы кәсіп болуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде бұл өнімдердің нарығы өте кең, жеміс-көкөніс дақылдарын тек қарапайым тұтынушылар ғана емес, түрлі өндірістің өкілдері, базарлар мен супермаркеттер де сатып алады. Сонымен қатар өзіңіздің бақшаңызда өскендіктен экологиялық таза болады. Сонымен, қай көкөністі қалай егу керек, осыны анықтап алсақ.
Картоп. Еліміздің барлық өңірлерінің ұжымдық шаруашылықтары мен үй жанындағы бақшалары арасында кеңінен таралған дақыл. Картоп егуге дайындықты күзден бастау керек. Ең дұрысы – картопты қияр мен қырыққабаттан кейін отырғызу. Картопты қызанақ пен кәдіден кейін егуге болмайды. Ең жақсы тұқым материалы – жазғы егістен және екі өнімдік дақылдан алынған картоп түйнегі.
Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Негізі, өніп жатқан түйнектер, топырақта жатып үнемі ауаны қажетсінетіндіктен картоп түбін ұдайы қопсытып отыру керек. Отырғызу алдында түйіндерді жақсылап әзірлеп, өсімдіктер мен топырақты дұрыс баптаған жағдайда көктемгі егілген картопты қазуға маусымның 1-онкүндігінде кірісуге болады. Көктемгі отырғызылған өнімді ең дұрысы –жаз бен күзде пайдалану. Қазан айының аяғы мен қарашаның басында картоп өне бастайды. Қысқы және көктемгі кездерде пайдалану үшін картопты жазда отырғызу керек.
Қияр Егу мамырдың бірінші онкүндігінде жүргізіледі, ал уақытша жабында өссе, сәуірдің соңында отырғызуға болады. Олар қатарлап егіледі. Ерте пісетін сорттар үшін қатарлар арасы –70 см, орташа және кешірек пісетіндері үшін –90 см. Көктегенге дейін қатарлар арасын қопсытып, арамшөптерден бірден тазартып тұру керек. Қияр өнімін олардың пісіп жетілуіне қарай теріп отыру қажет, себебі піскендерін уақтылы жинамау салдарынан басқа да жемістердің өсуі тежеледі. Шілде айында, жеміс салу күшейген кезде, өнім жинауды әрбір 1-2 күн сайын жүргізу керек. Қияр өнімін жинау барысында жемісті пышақпен кесіп алған жөн, жұлып алу өсімдік сабағына зиянын тигізуі мүмкін, ал ол өз кезегінде өнім беруді азайтады. Сонымен қатар, сабақтарын басып кетпеуге тырысу керек.
Қызанақ. Ұрық дәндерін егуді қаласаңыз дайындалған жерге қалауыңызша арық жасап, дәндерді екі данадан арасын 10-15 см. етіп тастап оытырыңыз. Әрбір екі күнде суарып, дән көгеріп, көшет болып шыққанда күнделікті суарып тұрыңыз. Көшет күйінде ексеңіз, күнделікті суару міндетті. Себебі қызанақ суды көп талап ететін өсімдік. Ал гүлдеп, жемісін салған кезде үш күнде бір суаратын дәрежеге көшкеніңіз дұрыс болады.
Сәбіз. Сәбізді де көшет немесе ұрық дәнектері арқылы егуге болады. Бірақ, ұрық дәнегі арқылы егу ыңғайлы. Оны да көгеріп шыққанша суарып тұруыңыз керек. Сәбіз ірі әрі қанық түсті болуы үшін үнемі суарып отыру керек. Сортына қарай сәбіздер үш түрге бөлінеді. Біздің өңірде көбіне «қызыл сәбіз» егіледі. Көктемгі сәбіздерді ақпан айының соңы мен наурыз айының басында егу керек болса, күздік сәбіздер тамызда егіледі.