Жел мен аптап ыстықтың салдарынан Боралдай орман шаруашылығында 3 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жауды ауыздықтауға орман шаруашылығы қызметкерлерімен қоса, өрт сөндірушілер де арпалысты. Оқиға орнына Шымкент гарнизоны мен Отырар, Бәйдібек аудандарының өрт сөндіру көліктері жедел жетті. Өрт жалыны орман шаруашылығына ешқандай зардап әкелмеді. Бұл жолы шыққан өрт басынан бастап бақылауда болды.
Өрт шынайы болуы үшін ұйымдастырушылар құрғақ бұталар мен қақпақтарды аяған жоқ. Орман шаруашылығының қызметкерлері өртті сөндіруде жанталасты. Кәсіби өрт сөндірушілер болса, он шақты машинасымен бірге шетте біршама уақыт бақылап тұрды. Өйткені, жалын шарпыған сәтте ең алдымен өрт сөндірушілер емес, орманшаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылатыны анық. Орманшылардың тілсіз жауды ауыздықтаудағы алғашқы іс-әрекеттерін өрт сөндірушілер оң бағалады.
Ахмет Мирсадықов, өрт сөндіру қызметінің жетекшісі: «Жалпы, орман шаруашылығы қызметкерлері өрт сөндіру жұмыстарын жақсы меңгерген. Құрал-жабдықтары да әзір. Сондықтан да бүгінгі іс-шараны өз деңгейінде өтті деуге болады».
Бүгінгі атқарылған жұмысқа басшылар да риза болды. Тек, өрт сөндірудегі барлық әдістемені мамандардың көрсетуіне мүмкіндік болған жоқ.
Мухит Отаршиев, табиғат реттеу басқармасының бастығы: «Менің есептеуімше, біздің жігіттеріміздің дайындығы мен мүмкіндігі мұнан да жақсы көрсеткіштерге жете алады. Орман шаруашылығы өрт қауіпті аймақ болғасын осындай оқу-жаттығуларды жиі өткізуіміз керек».
Мамандар да, арнайы техника да өрт жағдайларына толық дайын. Осылай деп сендірген басшылар облыс аумағында 90 ерікті өрт сөндіруші топтың құрылғанын мәлімдеді. Биылға Оңтүстікте дала және орман өрттері тіркелмеген.