Гидроскутерлердің құжаты жоқ

????????????????????????????????????

Қауіпсіздік шараларының алдын алу аясында Шардара ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен Түркістан облысы бойынша көлік бақылау инспекциясымен бірлесіп рейд өткізілді. Аталмыш шара облыс тұрғындарының арасында танымал «Алтын жағажайда» адамдардың жарақат алуын болдырмау мақсатында ұйымдастырылды.

Рейд барысында суда жүзу құралдарын қауіпсіз қолдану ережелерін бұзған 3 факті анықталды. Иелеріне тоқтату себептері түсіндірілді, жүзу көліктеріндегі әр жолаушыға құтқару жилетінің жоқтығы көрсетілді. Сонымен қатар, гидроскутер иелерінде жүзу құралдарының сәйкес құжаттары болмады. Әрине, құжаты жоқ су көлігін басқаруға рұқсат етілмейді. Нәтижесінде 3 әкімшілік іс қозғалды.

Жыл сайын 2000-нан аса тұрғындар «Алтын жағажайға» демалуға келеді. Сақтық шараларын сақтау үшін рейд кезінде құтқару постының құтқарушылары мен Шардара ауданы №15 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері демалушылардың арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кішкентай балалы аналар, немерелі әжелер төтеншеліктердің көрсеткен қамқорлықтары үшін алғыстарын білдірді.