Ерлан Малаев: «Бізден бұрын халыққа әніміз таралды»
— Ерлан аға, сұхбатымызды шығармашылық жаңалықтарыңыздан бастағанды жөн көріп отырмын. Елге қандай қуантарларыңыз бар?
-Әрине, «Бәйтерек» тобының тыңдармандары үшін жаңалықтарымыз жетерлік. Ең басты жаңалық — жуырда топтың үшінші альбомын бітіргелі жатырмыз. Қазір жаңа әндер жазылып, дайындық жүруде. Құдай қаласа, қоңыр күзге дейін дайын болады. Сосын, қараша айында мен өзімнің жеке есеп беру кешімді бенефис ретінде өткізсем деймін. 17 жылдан бері театр сахнасында жүріп, талай туындылардың сахналануына еңбек сіңіріп келемін. Оның үстіне, эстрада жанрында жүргеніме 10 жылға жуықтады. Міне, сондықтан да кештің бірінші жартысын театрға, екінші бөлімді әнге арнамақпын. Әрі сол кеште «Бәйтерек» тобының үшінші альбомының тұсауын кессек деген ойымыз бар.
—Театрда — 17 жыл, эстрадада – 10 жылға жуық. Бұл әрине аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында қанша альбом шығарып, неше рет концерт бердіңіздер?
— Бүгінге дейін екі альбом шығардық. Ал, үшінші альбомды жаңа айтып өткендей, күз маусымына жоспарлап отырмыз. Жалпы, ән қоржынымызда 50-ге жуық туынды бар. Жеке концерт туралы айтсам, сол 2006 жылы шығармашылық кеш өткізгенбіз және сол бағдарламамен еліміздің барлық облыс-қалаларын аралап шықтық. Ал, келесі концертімізді биыл өткізетін шығармыз.
—Сөз басында «өзімнің жеке орындауымдағы әндер» деп қалдыңыз. Бірақ сіздің жеке әніңізді естіген емеспіз…
— Менің репертуарымда қазір 7-8 ән бар. Бірақ олардың ешбірін де әлі республикалық телеарналар мен радиолардан халыққа ұсынған емеспін. Әйтсе те, астаналықтар жергілікті радиолардан тыңдап жүр.
— Түсінікті. Ал, топтың репертуарындағы «Сүйген адам кешірімді», «Сен» және «Ханшайым» деген әндер тыңдарман арасында кеңінен танылып, елдің сүйікті әндеріне айналғаны рас. Әсіресе, би кештерінде жастар «Ханшайым» әніне жақсы билейді. Сондықтан да «Ханшайымды» топтың төлқұжаты деп айтуға болатын шығар?
-Иә, дұрыс айтасыз. Мен де солай ойлаймын. Біздің репетуарымыздағы әндердің бәрі де терең ізденіспен шыққан дүниелер. Әсіресе, «Ханшайым» жарыққа шығысымен халыққа тез таралып кетті. Бастапқыда бұл әнге бейнеклип түсірсек деп жүргенбіз. Бірақ, өнердегі достарымыздың «бұл ән бейнеклипті қажет етпейді. Онсыз да тыңдарманын тапты» деген пікірінен кейін ол ойымыздан айныдық. Өзімізден бұрын даусымызды халыққа танытқан «Ханшайымға» артынша сұраныстар көп түсті. Тіпті, Ресейліктер өз тілдеріне аударып та орындады. Әрине, ән көрерменге ұнаса, әнші үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар?!
— Ерлан аға, енді бейнеклип төңірегінде әңгіме қозғасақ. Қазір бір бейнеклип түсірудің орташа бағасы қанша?
— Алматы қаласында бір клип түсіру 7000 доллардан басталады. Бірақ, бұл ақшаға Өзбекстанда екі клип түсіруге болады.
—Бірақ сіздер бейнебаяндарыңыздың бәрін де Қазақстанда түсіргенсіздер…
-Иә, Алматы, Астана қалаларында түсіргенбіз. Қазір 8 бейнеклипіміз бар.
— Десек те, көгілдір экраннан күнделікті көрсетіліп жүрген бейнебаяндарыңыз ескіріп қалған секілді. Жаңа туындының жарыққа шықпағанына да көп болды. Бұған не айтасыз?
-Рас айтасыз. Клипке де жақсы ән керек қой. Жақында ғана Тәуелсіздікке арналған жаңа ән жаздырдық. Авторы Бекболат Тілеуханов. Қазір аранжировкасы жазылып жатыр. Сол ән көптің көңілінен шығады деген үміттеміз және жаңа әнге бейнеклип түсіреміз деген ойымызда бар.
—Әнші әрі актерсіз. Осы екі мамандықтың қайсысының табысы көп, күн көріске икемдірек?
-Шынымды айтсам, бұл жағын ойламаппын. Менің ойымша, екеуін бөліп- жарудың қажеті жоқ. Әншілік-эстрадалық өнер болса, актерлік-әмбебап өнер ғой. Бір-бірімен тығыз байланысты. Әншіліктің табысы-той-бизнес және ол танымалдылыққа алып келеді. Ал танымалдылық-қазіргі заманда өте қажет нәрсе. Театрға келер босақ, оның жайын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Онда әртістер үнемі ізденісте болады. Өйткені, образ сомдау — қарапайым дүние емес, ерінбей еңбек етуді талап етеді. Тіпті, кей образдарды ашып көрсету үшін бір ай уақытыңды сарп етесің. Әртістік — жанның нәзіктігін, асқан шеберлікті, терең эмоцияны, бүкіл жан-тәніңмен беріліп жұмыс жасауды талап ететін күрделі өнер. Бірде жылатады, бірде күлдіреді. Сондықтан актерлікті өз басым жоғары бағалаймын. Бірақ енді мұнымен әншілікті екінші орынға қоямын демеймін. Сонда да әншіліктен қарағанда, актердің бейнеті басым, талабы биіктеу. Мысалы, мен өзім жеке моноспектакль ойнаймын. Сосын ол көбіне актерлікке емес, әншілікке жақын келеді. Жеңіл. Сонан соң, театрда мынадай қағида бар. Ондағылар «осы жігіттерді ойнатсақ, қойылымға халық көп жиналады» дейді…Сол кездерде әртістік пен әншілік бір-біріне көп көмектеседі. Сахнада жүріп-тұруларымыз, өзімізді еркін сезінуіміз, сөз тауып кетіп, ұтымды импровизация жасау және актерлік…осының бәрі сол эстрадада қажет.
—Актер үшін өнерде ең қиын дүние?
— Ең қиын нәрсе-өзіңе тапсырылған образ… Көңіліңе жақпаған кей образды ойнағың келмей, қиналасың. Ондай кезде өз басым қатты қиналам. Бірақ міндеттелген соң, ойнау керек.
-Сол табиғатыңызға сай емес, көңілге жағымсыз образдарды сомдаудан бас тартқан кездеріңіз болды ма?
-Болды. Бірақ, театр басшыларынан сол үшін сөгіс те алдық. «Ойнай алмаймын» деу былай тұрсын, ойнағың келмеген соң, сен ол рөлді көрерменге жеткізе алмайсың. Өйткені ол сенің табиғатыңа сай емес. Кей кездері міндеттеп қойған соң, амал жоқ, ойнап шықтым. Алайда, жүз пайыз көңілімнен шықпады. Бірақ кейде көңіліңе ұнамды образдар да кездеседі. Сол кезде жүз пайыз түгілі екі жүз пайыз ойнап шығасың. Өзіңді сахнада бақытты сезінесің. Бірақ ондай бақыт жиі бұйыра бермейді.
-Көп әртістер секілді ерекше «белсенді» боп, менмендік танытып, кеуде қағып тұрғандарыңызды көрмейміз. Қарапайымдылыққа жақын көрінесіздер. Бұл шығармашылықтарыңызға кері әсерін тигізеді деп ойламайсыз ба?
-Иә, кері әсерін тигізеді. Бірақ, күн сайын жылтыңдап шыға бергеннен гөрі тыңдарманды сағындырып, қайда жүр екен дегізіп дегендей…Ол да бір қажет сияқты. Бір клип шығарып, жұлдыз боп кететіндерді өзім де түсіне бермеймін. Әрине, өнерге қадам басқан соң, басында бәрі де қиын болады. Бұрын жұрт саусағымен шұқып көрсетіп жатса, қиналатынбыз. Кейін етіміз үйреніп кетті. Бірақ бізден бұрын халыққа әніміз танылды. Естігендер «осы әндерді кімдер айтады екен» десті. Басында әніміз таралып, өзіміз екінші планда қалып қалдық. (Күліп алып.) Біз алдымен өнерді театрда бастағанбыз. Сондықтан шығар, ондай-мұндайларға тез үйренісіп кеттік. Әсіресе, хитке айналған әндеріміз жарыққа шыққанда, жан-жақты шақыртулар көп болды. Көшеде көрген адамдар қолтаңба алып…бірақ Аллаға шүкір, жұлдыз ауруымен ешқашан ауырып көрмеппіз.
— Жалпы өнерде өз биігімізді толық бағындырдық деп айта аласыз ба?
— Жоқ. Мен сол өнердегі биіктің жүз пайызының жартысын, елу пайызды бағындырдық деп ойлаймын. Ал, өнерді жүз пайызға бағындыру мүмкін емес. Өйткені халықтың көңілінде қалған Бибігүл Төлегенова сынды халық әртістері де бағындырдым деп айта алмайтын шығар. Бағындырғанның өзінде, адамның жанында осы бір рольді ойнасам, осы әнді орындасам деген айтылмай қалған әндер, қойылмаған образдар арман болып қалып қояды ғой. Сондықтан толдым, жүз пайыз біттім деген дұрыс емес деп ойлаймын.
—Тыңдармандарыңызбен ғаламтор арқылы тілдесіп, көпшілік пікірімен санасасыздар ма?
-Шынымды айтсам, біз интернетті көп пайдалана бермейміз. Тек таныс достарымыздан сендер туралы былай деп жазыпты дегендерді естіп жатамыз. Алдағы уақытта өзіміздің жеке блогымызды ашу жоспарда бар.