Шымкент Түнтековті қолдай ма?

719
Қайрат Түнтековті бірқатар қазақ эстрадасының әншілері қолдамақ болған
Қайрат Түнтековті бірқатар қазақ эстрадасының әншілері қолдамақ
Қайрат Түнтековті бірқатар қазақ эстрадасының әншілері қолдамақ

Қазақ эстрадасы дүрлігіп жатыр. Бір топ әнші, сазгерлер жаппай шымкенттік әнші Қайрат Түнтековті қолдауға кірісті. Тіпті оған көмек көрсету үшін қайырымдылық концерт те ұйымдастырылмақшы. Естеріңізге саламыз, бұған дейін жас әншінің Алматы қаласында жол апатына тап болғаны хабарланған.

Әнші тізгіндеген көлігімен «Лэнд Крузерді» соққан. Кей ақпараттарға қарағанда Түнтеков тентек су ішіп алып рөлге отырған, онымен қоса көлік басқару куәлігі де болмапты.

Естеріңізге сала кетейік, жол көлік оқиғасы 2012 жылдың 28 желтоқсанында орын алған. Алматылық Назира Есенаманова Сүйінбай көшесімен әуежайды бетке алып кетіп бара жатқанда оң қапталынан Қ.Түнтеков көлігімен соғады. Көлігі бағанға соғылып, жол шетіндегі арыққа аударылған Есенаманова айтарлықтай зардап шеккен. Миы шайқалып, жарақат алған ол ауруханаға жеткізіледі. Ал көлігі жөндеуге келместей болып бүлінген. (Ал бүгін оның ресми түрде ішімдік ішпегені дәлелденді)

Жұлдыздың бұл бассыздығы үшін сот оны 40 тәулікке түрмеге қамау туралы үкім шығарды және 3 жылға жуық уақыт көлік жүргізу құқығынан айырды. Ал жапа шегуші жақ әншіден моральдық шығын ретінде 7 млн. теңге талап етпек.

Бұл оқиғадан соң эстарада жұлдыздары Қайрат Түнтековті қолдау жөнінде бастама көтерді. Тіпті, 19-ақпан күні Алматыда концерт бермекші. «Одан түскен қаржыны Қайрат Түнтековке береміз»,-дейді ұйымдастырушылар.

Қазір бұл жайт әлеуметтік желілерде де жаппай талқыланып жатыр. Мысалы, Баян Есентаева твиттердегі блогында: «Қанша қаржы жинасақ та бәрін оған береміз. Қолымыздан келгенше көмектесейік. Ешкім, ешкімге мұнша ақша бер деп айтпайды»,- десе радиожүргізуші Әсел Ергешқызы соттың шешіміне наразы кейіп танытты.

«Бұған дейін де (Түнтековтің) аяғына тұсау салып, сахнадан алыстатқандар болып еді. Бұл жолы не ойлағандары бар. Әлсіздерді түрмеге жапқыш бізде»,-деп жазады Ә.Ергешқызы.

Айта өтейік, Түнтеков бұған дейін масаң күйде рөлге отырып ұсталған екен. 2010 жылы бұл қылығы үшін 2 жыл бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты. Десек те, өнер жұлдыздары мен алматылықтар Түнтеков тентектік жасамады. Қылығын мойындады деп оны қорғап жатыр. Ал шымкенттіктер өз жерлесін қолдай ма? Белгісіз!

Қысқаша ақпар: 14-ақпан күні Қайрат Түнтеков 27 жасқа толады. Ол 1986 жылы оңтүстікте дүниеге келген.  

14 жасында «Бозторғай» халықаралық ән байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болды. 2005 жылы Отандық Superstar.kz жобасында жеңімпаз атанды. Кейін «Новая Волна» конкурсында көрермендер көзайымы атанып, Ресей примадоннасы Алла Пугачеванын арнайы сыйлығын алды.