ОҚО-дағы діни ахуал тұрақты. Бұл туралы Халықтар достығы үйінде өткен дін зерттеушілері мен жастардың кездесуінде айтылды. Атаулы шараға философия және саясаттану институты Дінтану бөлімінің мамандары да арнайы қатысты.
Дін тақырыбы талқыға салынған жиында дәстүрлі дін саласындағы проблемалық мәселелер жан-жақты көтеріліп, нақтылы ұсыныс-пікірлерге орын берілді. Астанадан ат арылтқан философия ғылымдарының докторы Бақытжан САТЕРШИНОВ жастармен қазіргі рухани және өркениет қақтығыстары жайында ойымен бөлісті.
Қоғамның қыжылын қоздырған лаңкестік пен содырлыққа қарсы тұру әрекеті шараларының өзектілігі мен маңыздылығына тек құзырлы органдар ғана емес, жалпы қоғам болып атсалысқанымыз жөн. Осылай деген дін зерттеушілері былтыр қабылданған жаңа заңның басты тетіктерін насихаттау қажеттігін айтты.
Дін тақырыбын түсіндіруге бағытталған ауқымды шара республика көлемінде өтуде. Шымкент жастарымен дидарласып пікір алмасқан философия және саясаттану институты дінтану бөлімінің мамандары оңтүстіктегі діни ахуалдың тұрақтылығына оң бағасын берді.