ОҚО-да 7,5 мың көлік иесі салық төлемеген

414

Көлік иелері жөнінде барлық мәліметтер салықшылардың базасында сақталған. Жол полициясы жүргізушінің куәлігі бойынша оның салық төлеген төлемегені компьютерден бірмезетте көреді. Соңғы жылдары жүргізушілердің құқықтық сауаттылығы жоғарылағаны байқалғанымен, міндетті төлемдерді мерзімінде өтемегендер де жетерлік.

Михаил Харченко, ОҚО бойынша салық департаментінің бөлім бастығы: «Облыс көлемінде былтыр 7,5 мың көлік иесі салық төлемеген. Шымкент қаласы бойынша 4 700 көлік иесі міндетті төлемді өтемеген. Қолдағы бар мәлімет бойынша, облыста 348 мың көлік иесі тіркелген. Жол полициясы басқармасының мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 413, оның 168 мыңы Шымкентте тіркелген».

2011 жылдың қорытындысы бойынша, жоспар 104,1 пайызға орындалды. Қазынаға көлік салығынан 643,3 млн. теңге түсті. Бұл жоспарланған сомадан 25 млн.-ға артық. Ең басты күрделіктер қозғалтқыш көлемі ауқымды автокөлік иелеріне қатысты.

Ғалым Ибраев, Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы: «Қозғалтқыш көлемі 2,3,4 текше/см. автокөліктері бар жүргізушілер міндетті төлемдерден жалтарады. Өйткені, осындай бір көлікке жүргізуші 100 мыңнан астам теңге төлейді».

Рейд қорытындысы бойынша, өрескел салық төлемейтіндерге қатысты хаттама түзіледі. Кейін хаттама сот органдарына жіберіледі.