Ербол Өстеміров - облыс прокуратурасының басқарма аға прокуроры

Заңсыз жер телімдерінің беріліп кетуіне тұрғындардың өздері кінәлі. Өйткені, шешім шығарылмаған учаскелерге баспана салып алып, құжаттарын кейіннен заңдастырғысы келетін алаяқтар шаш етектен. Бұл ретте аудан әкімдерінің де бармақ басты, көз қысты тірліктері жетерлік. Мұндай ақпараттарды бүгін облыс прокуратурасының басқарма аға прокуроры Ербол Өстеміров айтты. Айта өтейік, «Миллион тұрғыны бар қалаға – жер заңнамасын бұзбастан» жобасын прокурорлар осы жылдың қаңтар айынан бастап жүргізіп келеді.

Заңсыз берілген жер телімдерінің көбейіп кетуі Шымкенттің республикадағы «Үшінші қала» болу ұмтылысынан туындап отыр. Төлеби мен Сайрам және Ордабасы аудандарынан қосылатын аймақтарды есептегенде 810 гектар жер телімі заңсыз беріліп кеткен. Прокурорлар бұл жерлердің әупірімдеп жүріп 161 гектарын мемлекетке қайтарыпты.

Аудандарға қарағанда Шымкентте жасалған заңсыздық озып тұр. Шаһардың шетіндегі «Ақжайық», «Тұран», «Асар-2», «Самал», және «Қазығұрт» шағынаудандарындағы көп учаске алаяқтық арқылы қолды болған телімдер. Бұл ретте осы аймақтарды басқарып отырған әкім-қаралар да барынша тырнақшаның ішіндегі қызметін көрсетіпті.

Ербол Өстеміров, облыс прокуратурасының басқарма аға прокуроры: «Былтыр, заңсыз берілген жерлер бойынша 132 істі анықтаған болатынбыз. Биыл қаңтар айынан бастап жер инспекциясының ұсынысы бойынша, сотқа 38 талап-арыз беріліп, оның 30-ы қанағаттандырылды. Көп кемшіліктер жерді аукцион арқылы сату кезінде орын алған. Мәселен, бір адам сатып алуы тиіс жер телімі екі адамға беріліп кеткен».

«Миллион тұрғыны бар қалаға жер заңнамасын бұзбастан» жобасы әлі де жалғасын табады. Заңдылықты қадағалаушы органдар мұндай шикіліктің әрмен қарай шұбырмауы үшін аудан-қалалар мен ауыл әкімдеріне ісіне жауапты болуға шақыруда.