«Қорғау» бағдарламасымен 1 апта ішінде 168 заң бұзушылық фактісі анықталған

88

Үшінші мегаполисте сәуірдің 19-нан бастап «Қорғау» бағдарламасы жұмыс істейді. Жаңа жүйе жедел басқару орталығына және патрульдік полиция инспекторларының планшеттеріне орнатылған. Бағдарлама көп мөлшерде айыппұлын төлемеген азаматтарды, жол ережесін бұзған және жалған нөмір таққан көліктерді анықтайды.

Шымкентте сәуір айының 19-нан бастап «Қорғау» қосымшасы жұмыс істейді. Жаңа бағдарлама айыппұл төлемеген, жол ережесін көп бұзған немесе жалған нөмір таққан көліктер туралы дер кезінде жедел басқару орталығына ақпарат береді.

Асқар Алипбаев, Шымкент қаласы ПД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары: «іздеуде жүргендер, айыппұл төлемей жүргендер, жалған нөмір тағып жүрген автокөліктер тізімін программаға енгізеді. Сол автокөлік «Сергек» камерасынан өткен кезде мына монитор сигнал береді. Бұл инспектор сигналдың өткен жерін айтады. Ал навигатор-инспекторы дер кезінде навигация картасынан көріп, жақын экипажды жолдайды күдікті автокөлікке».

Сонымен қатар, бағдарлама патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне де орнатылған. Сол арқылы полицейлер іздеуде жүрген немесе «қауіпті» санаттағы жүргізушілерді құрықтайды. Яғни көлікке жақын маңдағы тәртіп сақшысының планшетіне хабарлама келеді. Мысалы, жаңа жүйе мына көліктің айыппұл төлемегенін көрсетті. Ал ары қарай патрульдік полиция жүргізушінің құжатын тексеріп, істің мән-жайын анықтайды.

Мақсат Курумбаев, Шымкент қаласы ПД ЖПҚ патрульдік полиция қызмет инспекторы: «Қазіргі таңда автокөлікті тоқтату барысында «қорғау» базасымен тоқтатылды. бізге осы көлікті тоқтату жөнінде ориентировка берілді. Ақпарат келіп түседі, сол жөнінде тоқтаттық. Бұл автокөліктің әкімщілік-құқықбұзушылық базасында айыппұлы бар. Соны анықтау үшін әкімшілік полициясына барамыз».

Департамент өкілдері бағдарлама қосылған 1 апта ішінде ұсталғандар арасында – айыппұлын төлемегендер көп дейді. Сөздерінше, жаңа жүйе айыппұлды төлеуден жалтарып жүрген жандарды тез қолға түсіруге көмектеседі.

Шерзод Эшматов, Шымкент қаласы ПД патрульдік полиция полк командирінің орынбасары: «Бұл автокөліктерді мемлекеттік номерін оқып, өзі анықтайды. Үлкен мөлшерде айыппұл болған жағдайда, оқылмайтын мемлекет белгілері, ориентировкалар, жиі жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерді анықтап, өз нәтижесін беруде».

1 апта ішінде бағдарлама бойынша жол жүру ережесін бұзған 168 автокөлік анықталған. Олардың барлығы айыптұраққа қойылыпты. Полиция департаменті аталған бағдарлама – қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге көп көмегін тигізіп отырғанын айтады. Дегенмен, тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерінен жол жүру ережесін қатаң сақтауды, сондай-ақ айыппұлды тез арада өтеуді сұрайды.

Гүлдана Дәурен