Шымкентте құрастырылған жылыжайлар сұранысқа ие

448

Жылыжайды құрастыратын мырышталған құбырлар мен қосымша материалдарды шығаратын зауыт былтыр іске қосылған еді. Серік Құлмұрзаев мұнда кәсіпорынның негізгі қаланғаннан бері жұмыс істейді. Ұстаз болған жігіт осында кәсібін алмастырып, құбырларға қажетті түрлі кесінділер дайындайды.

Серік ҚҰЛМҰРЗАЕВ, жұмысшы: «2010 жылы Оңтүстік Кореядағы осындай зауытта болдым. Екі ай бойы кореялық мамандар автоматты жүйе жабдықтарында жұмыс істеуді үйретті. Жұмысым ұқыптылықты, тәртіпті талап етеді».

Мырышталған құбырлар құрылыс нысандарының төзімділігі мен ұзақ мерзімде пайдалануына мүмкіндік туғызды. Зауыттың дайын өнімдері нарықта сұранысқа ие. Өйткені, соңғы жылдары жылыжай саласы қарқынмен дамып келеді.

Ораз Қадыров, зауыттың өкілі: «Құрастырылатын жылыжайларды Көкшетауда орнаттық. Сондай -ақ, біздің өнімдер Алматы, Астана, Петропавл, Қарағандыда сұранысқа ие. Жақында Шаянда да осындай жылыжай орнаттық.  Зауытта 30 адам жұмыспен қамтылған».

Жылыжай шаруашылығы ауа райына тәуелді емес және мұндағы өнімділік анағұрлым жоғары. Мырышталған құбырларды пайдалану аясы кең. Ол құрылыс, ауыл және мал шарауашылығы салалары және тұрмыста пайдаланылады. Жылыжайға қажетті пештер мен қорғау пленкалары  жақынарада зауыттың аумағында бой көтеретін жаңа өндіріс орындарында жасалынады.