Бүгін Шымкентте бос орындар жәрмеңкесі өтті. Бұл шараны М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ұжымы ұйымдастырып отыр. Негізінен жәрмеңкедегі бос орындарға аталған оқу орнын бітіріп жатқан студенттер тартылды. Айта кетейік, биыл университетті 83 мамандық бойынша 4 мыңнан астам түлек тамамдамақ.
Оқу орнына талапкер боп кіріп, түлек атанып шыққан 4 мыңнан астам азамат енді бірер айда диплом алып шығады. Мұндағы бітіруші студенттер қазірдің өзінде тиісті мекемелерде өз мамандықтары бойынша іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге 2 мыңға жуық түлек қатысып, сәттілік сәтін сынап көрмек.
Бұл жолы жұмыс берушілер шыжынаған күн астында шекесінен тер шыққанына қарамастан, көлеңкені қолдан жасап, қажетті жұмыс күшін тартуға асық. Олар еліміздің әр төңірегінен келіп, түлектерге ұсыныс жасауда.
Бұл жәрмеңкеде әлеуметтік, экономикалық, құқықтық саладағы бос орындар тіпті, мемлекеттік қызмет те ұсынылып отыр. Дегенмен, басым көпшілігі техникалық тараптағы мамандықтар. Университет басшылығы дәл осы жылы оқу орнын тамамдаған түлектердің 90 пайызы жұмыспен қамтылатынына сенімді.