Шымкентте той кортеждеріне қарсы күрес басталды

399
той, кортеж

Шымкентте той кортеждеріне қарсы жаппай күрес басталды. Өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары ауқымды рейд барысында 70 автокөлікті арнайы айып тұрағына жөнелтті. Олардың жартысынан астамы той салтанатының шеруінде сап түзеген «мерседестер» мен «лимузиндер». 150-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған рейдті ОҚО ІІД басшылығы ұйымдастырып отыр.

Ең алдымен, той салтанатының автошеруінде сап түзеген шетелдік үш көлік жолдағы қозғалысқа бөгет болды. Бұл тәртіп бұзушылық полицейлер рейдінде алғашқы боп көзге түсіп, кортеж тоқтатылды. Сәнді көлік мінген тәртіп бұзушы тойшылар Шымкенттік қағида бойынша көке-жәкелерінен ұялы телефонмен көмек сұрай бастады.

Той шеруі лимузинсіз, басқа да сәнді темір тұлпарсыз қалды. Көліктер айып тұрағына жөнелтілді. Қымбат көліктермен қоса, мұнда «Опель-Калибра» да жеткізілді. Өйткені көлік жүргізуші масаң күйде болған.

Той шеруіне жасалған рейд күндіз-түні жалғасты. Бұл уақыт аралығында жол полициясы инспекторлары талай мерседес, лимузиндерді айыптұраққа тоғытты.

Әбдіғани Сейдуалиев, Шымкент қ. ІІБ бастығының орынбасары: «Мұндай рейд енді тұрақты түрде жүргізілетін болады. Екі күннің ішінде 70 автокөлікті арнайы тұраққа жөнелттік, соның 20-сы той салтанаты автошерунің көліктері».

Мұндай рейдтер енді демалыс күндері тұрақты өткізілетін болды. Лимузиндерді жалға беретіндердің бас қатырары көбейері хақ.