Жол ережелерін бұзған үйлену тойының кортежінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды

244

Түркістан облысының полицейлері жол қауіпсіздік ережелерін бұзған үйлену тойының кортежіне қатысушыларды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты

Әлеуметтік желілерде жеңіл автокөліктердің кортежі жол жүру ережелерін бұзған бейнежазба жарияланды. Бұл бейнежазбаға Түркістан облысының Полиция департаменті қызығушылық танытты.

Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, оқиға 11 қаңтарда Түркістан қаласына кіре берісте Б.Саттарханов даңғылында орын алған. Жол ережесін бұзған жүргізушілер Шымкент қаласының екі тұрғыны.

Олар ҚР ӘҚБтК-нің 590, 593,595, 603, 606-баптарымен (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, жолаушыларды тасымалдау бойынша талаптарды сақтамау, маневр жасау қағидаларын бұзу, көлік құралында арнайы жарық және дыбыс сигналдарын орнату ережелерін бұзу, жол қозғалысына қатысушының жол қозғалысы ережелерін бұзу, авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, апаттық жағдай жасамауға, сондай-ақ басқа да жол қозғалысына қатысушыларды құрметтеуге кеңес береді.