«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының барлық кәсіпорындарының өкілдері Шымкентте бас қосты. Сала мамандары еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және техникалық қауіпсзідік мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды талқылады. Бұл былтырғы жылдың қорытындысын шығарып, баға беру және ағымдағы жылға жоспар түзуге бағытталған жыл сайын өтетін республикалық жиын.
«Мұнай газ өндірісінде қайғылы оқиғалардың саны 2009-2011 жылдар аралығында артты»,-деп мәлімдеді Қазмұнайгаз басшылығы. Зардап шеккендердің саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендесе де, республикалық басшылық қауіпсіз еңбек профилактикасы бойынша еншілес компаниядағы жұмыс қортындысына көңілі толмайтынын жеткізді.
Тимур Бимағамбетов, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: «Еншілес компаниялардағы жұмыс біздің ойымызша алдын алу іс шараларына емес, ал оқиға орын алғаннан кейін шаралар қабылдауға бағытталған. Сондықтан да, біз қауіп-қатерді басқару үдерісіне қатысуға қызметкерлердің өздерін ынталандыру қажет деп есептейміз».
Қазмұнайгаз басшылығы тарапынан Шымкенттік мұнай өңдеу зауытына сын ескертпелер жоқ. Өндірістің қауіпсіздігін қадағалайтын облыстық органдар бұл кәсіпорынды ең озық деп танып, мұнай өңдеу зауытының дирекциясын алғыс хатпен марапаттады.
Асқар Тұрысбеков, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС вице-президенті: «Біз өзіміздің кәсіпорында еңбек қорғау және техника қауіпсіздігіне аса көңіл бөлеміз. Бұл мақсатта көлемді бюджет қарастырылған. Мұндай семинарлар өте тиімді,өйткені қызметкерлер бір бірімен тәжірибе алмасады».
Өндірісте қайғылы оқиғалар болмау үшін , жиынды ұйымдастырушылар өзі еншілес және тәуелді компанияларға жергілікті жерлердегі еңбек қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныс жасап, 20 жылдан астам және бір жылға дейін жұмыс істеген жұмысшыларға аса көңіл бөлу керектігі жайлы кеңес берді. Өйткені дәл осы санаттағылар арасында зардап шеккендер басымдылығы байқалған.