Жасыл аймаққа отырғызылған 400 мың түп ағаштың 64 мыңын қайта егу қажет. 2009 жылдан бері отырғызылған көшеттерге сараптама жасаған арнайы комиссия осындай шешім шығарды. Жасыл желектің 16 пайызы қурап қалған. Демек, қомақты қаржы желге ұшты деген сөз.
Енді «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің мамандары көшеттердің тең жартысын көктемде одан соң күзде жерсіндіретін болады. Бүгін тал отырғызу науқаны басталды.
Биылғы ұзақ қыс пен жиі жауған жаңбыр отырғызылған көшеттердің тез тамыр алып, бүршік жаруына ықпал етті. Жасыл аймақтың жұмысшылары осы уақытты тиімді пайдаланбақ. Қарағаш, үйеңкі, шаған көшеттері қазығұрт ауданынан жеткізілген. Өткен жылы орман шаруашылығының мамандары 1300 гектар алқапқа көшет отырғызды.
«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің мамандары Жасыл алқаптағы көшеттерді суғаруды 15 сәуірден бастамақ. Алқап шайынды судан бөлек арнайы қазылған екі ұңғымамен келетін тіршілік көзімен нәрлендіріледі. Бұған қоса тағы екі ұңғыма қазып, 2015 жылға дейін жасыл желектің аумағы 10 мың гектарға жеткізілмек.
Жасыл желек алқабында сенбі және жексенбі күндері жұмысшылардың қатары көбейеді. Оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері жұмылдырылатын болады.