Күнделікті Шымкентті тазалауға 1200-ден аса адам жұмылдырылады

15

Үшінші мегаполистің күнделікті тазалық жұмыстарына 1200-ден аса адам жұмылдырылады. Яғни, тазалық саласында еңбек ететіндер күн-түн демей Шымкентті күл-қоқыстан тазартып, жұмыстарын адалынан атқаруда.

Елестетіңізші, бір күн бойы тазалық сақшылары жұмысқа шықпай қалса, қаланың көркі қашып, жағдайы қандай болмақ? Ал Шымкент қаласының тұрғындары қоршаған ортаны қаншалықты таза ұстайды? Бұл туралы таң бозарып атқаннан тазалық жұмысына кірісетін жұмысшылардан сұрап білдік.

Асхангүл Исақызы, «Таза өлке» ЖШС тазалық сақшысы: «Жұмысқа шықпай қалсақ, көше лас болады, шашылады. Көшеде ары-бері өткендер қоқыстарын лақтырып тастап кетеді. Шымкенттіктер тазалықты сақтайды деп ойламаймын. Көбінесе жастар ғой балмұздақ жейді, энергетикалық сусындар ішеді деген сияқты… Бос баклашкалар, соның бәрін көшеге лақтырып кетеді».

Ал Хабиба Абдуллақызы 10 жылдан бері Шымкенттің көшелеріне әдемі гүлдерді егумен айналысады. Негізгі мамандығы – агроном. Оның айтуынша, қаланың сәнін кіргізетін гүлдердің ең таңдаулысы – шафран екен. Хабиба ханым өсірген көрікті гүлдеріне қала халқы да тамсанып, кейде суретке түсіріп алып, еңбегіне алғысын білдіреді екен.

Хабиба Абдуллақызы, агроном – дизайнер: «Шымкенттің гүлі деп мен нақты айта алатыным – шафран, салвия, талгас, катаракс, футиниялар бар. Ең әдемі қаланың келбетін ашып тұратын гүлдер. Шымкенттің адамдары гүлдерді жұлмайды, керісінше егіп жатқан кезде барлығы келіп мына әдеміліктің алдында суретке түсіп, қуанып жатады. Рахметін айтады. Бір күн жұмысымызды тоқтатсақ, тіпті айта алмаймын. Қаламыз адам жүре алмайтын дәрежеде бәрі қоқып кететін шығар. Міне, тазалаушы адамдарымыз бар, бір күн гүлдерге қаралмаса, суы құйылмаса гүліміз де өліп, қаламызды қоқыс басып, гүлдеріміз шөп басып кетеді деп ойлаймын».

Қазіргі уақытта Әл-Фараби ауданына қарайтын 109 магистральді көше мен аялдама, ирригациялық жолдар мен арықтарға 350-ге жуық адам тазалық жұмыстарын жүргізеді. Мұндағы мамандар кез келген шараны кешенді түрде орындайды. Яғни, олар аптаның бір күнін Қабанбай батыр көшесін тазалауға арнаса, келесі күні кестеге сай ауданның басқа көшесін 2-3 реттен тазалайды. Айта кететін жайт, мамандардың сөзінше соңғы 2 айда қызметкерлердің айлығы біршама көтерілген.

Нағашәлі Әлпейісов, «Таза өлке» ЖШС ӨТБ басшысы: «Соңғы 2 айда 115 мыңнан 165 мыңға көтерілді. Мейрам және демалыс күндеріне байланысты шыққанына 2 есе көп жүреді. Қазір екі есе төленетін болғандықтан жұмысшылар тарапынан демалыс күні де шығайық деген сұраныс көп. Жас ерекшеліктері әр түрлі, 18 жастағылар да, зейнеткерлікке шыққан үлкен кісілеріміз де бар».

Мамандар бүгінде қаланың тазалығына 1200-ден аса адам жауапты екенін алға тартты. Яғни, үшінші мегополистің тазалығын сақтап, ажарын аша түсу үшін күнделікті мыңнан астам адам тынымсыз еңбек етеді. Шымкенттің тазалық сақшылары кез келген ауа райына қарамастан қызметте жүретін азаматтар. Олар қала халқы оянбай тұрып таңғы сағат 6-да Шымкенттің магистральді көшелерін тазалауға кіріседі.