Шымкенттіктер жылдап күткен қоқыс өңдейтін зауыттың пайдасын жуық арада көре алмайды. Өткен жылдың күз айында басталған зауыт құрылысы бүгінде 50 пайызға орындалды. Құрылысшылар оны тамыз айында тапсырамыз деп отыр. Алайда, кәсіпорын қолданысқа берілген күнде де, оған барар жол, су мен жарық мәселесі күрделі күйінде қалмақшы. Инфрақұрылым жүргізуге қаржы тапшы.
34 гектарлық алқапқа ауадай қажетті зауыт салуға кіріскен «Мастер ЖШС»-гі жер жұмыстарын толығымен аяқтаған. Зауыттың негізгі бөлігінің қабырғаларын қалауға кірісіпті. Мұндағылардың айтуынша, құрылыс жұмыстары межелеген кестеден бір аптаға алда келеді. Алайда, бұл аумаққа барып қайту қиямет болғалы тұр.
Жолдың қазіргі күйі осындай, осы жолмен өндіріс орынына қажетті құрал жабдықтар мен құрылыс материалдары тасымалданады. Ең басты түйткіл мұнда су да, жарық та жоқ.
Шымкент қаласына кәсіпорын ауадай қажет. Оның құрылысы екі көзден қаржыландырылады. Бірі тапсырыс беруші «Техналогия 21» ЖШС. Ол өз қаржысы мен инвестордың көмегіне сүйенсе, инженерлік инфрақұрылымға қала бюджетінен бөлінеді деп екі жақты мемарандум бекітілген болатын. Алайда, қала бюджетінен бөлінуі тиіс 428 млн. теңгенің бар болғаны 21 млн. теңгесі өткен жылы берілген. Оны игерген мердігерлер жұмысты тоқтатуға мәжбүр.
Мердігер «Азбест строй» ЖШС-не қажетті 407 млн. теңге қазынадан жақын арада қаралмаса салынған зауыттан пайда болмасы анық. Қазірдің өзінде қалада қоқыс тастайтын орын жоқ. Күрмеуі шешілмеген мәселе тез арада қолға алынбаса, қайтадан ескі полигонға телміріп, ол тұрғындарда қайта тұншықтырады.