«Қолжетімді баспанаға» қолымыз қашан жетер екен…

Шымкентте баспана кезегінде 6 мыңға жуық отбасы тұр. Ол отбасылардың әрқайсында кемі 5 адам бар деп есептер болсақ баспанасыздардың саны 30-40 мың адамға бірақ шығары сөзсіз. Екі кезеңмен салынатын «Шаңырақ» тұрғын үй кешені секілді көпқабатты үйлердің саны Шымкентте болашақта 73-ті құрамақ. Ал енді бағасына келер болсақ, қарапайым халықтың қолына аса жетімді деп айта қою қиын.

 

Мына жалған дүниеде адам баласына ауа мен су қандай керек болса баспананың да қажеттігі олардан әсте кем емес. Соңғы жылдары Елбасымыз баспана мәселесін ерекше назарға алып, оны сәл де болса шешу жолында әртүрлі бағдарламалар ұсынып, тапсырмалар беріп келе жатқанын айта кеткен жөн шығар. Бірақ сол тапсырманы орындауға келгенде құзырлы орындардағы жемқорлық көптің зығырданын қайнатуда. Мысалы, тұрғын үймен қамтамасыз ететін талай мемлекеттік бағдарламаларға сеніп барғандардың көбісінің сағы сынып жатады.

Мәселен өткен жылдың соңында Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында 9 қабатты, 54 пәтерлі тұрғын-үй Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген болатын. Баспаналы болғандардың тізімін алып қарасақ көп жылдан бері кезек күткендер, Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлері, тұрмысы нашар отбасылар екен. Хош делік. Алайда кейін тұрмысы нашар, үй кезегінде оншақты жылдан бері тұрған, атын атамауды өтінген бір бауырымыздан білгеніміздей үйлі болғандардың көпшілігі таныс-тамырлығын пайдаланып, парасын беріп кезектерін жылжытқанға ұқсайды. Кезінде бір-екі мәрте осылай үй алған соғыс ардагерлері де бар екен арасында. Ашылу салтанатына біз де барып қатысқан болатынбыз сол күні. Расымен де баспаналы болу бақыты бұйырғандардың арасынан тұрмысы нашар жан көрмедік. Көбісінің астында қымбат машина, кейбіреулері күнде көзіміз көріп жүрген, бір басында бірнеше үйі бар атпалдай азаматтар. Одан қалса жартысына жуығы Кеңес заманында небір қызметтердің құлағын ұстағандар. Шынын айтқанда солардың үйі жоқ дегенге сену қиын. Әрине, құжаттарын тексерер болсаң мін таппасың белгілі. Барлығын «бейшара» етіп рәсімдеп қойған. Сонда дейміз-ау, тағы да баспана алу үшін ештеңеден аянып қалмайтын болғанымыз ба? Жаңадан отбасын құрып, өмір жолына енді түскен, табысының аздығынан, жағдайының нашарлығынан қиналып жүрген, көрінгеннің босағасына телміріп, қашан «шық» деп айтар екен деп қорқып, капиталистік қоғамның қайнауына түсе алмай жатқан жастар қаншама. Неге соларды жарылқауға келгенде теріс қарай береміз? Қызғанғаннан айтып отырғанымыз жоқ. Қария болсын жас болсын барлығының нысабы мен пейілі құрып бара жатқанына зығырданымыз қайнағаннан айтып отырмыз.

Жастар үйлі болуға, отбасын құруға асықпайды деп жазғыруға ұстамыз. Үйі жоқ адам қалай отбасын құрады? Мемлекетке масыл болып, барлығымызға үй бер деуден аулақпыз. (Шындап келгенде оған мемлекеттің жағдайы жететінін де білеміз). Жастардың сұрайтыны баға тұрақтылығы, мемлекеттің қолжетімді баспана салып беруі. Қолжетімді баспана демекші, Елбасы биылғы жолдауында осы мәселені көтеріп, нарықтағы бағадан 20-25 пайыз арзан үй салып, оны кезекте тұрған кедей кепшікке, мүгедектерге, ардагерлер мен жас отбасыларына беруді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте «Қолжетімді тұрғын үй ― 2020″ бағдарламасы бойынша 12 қабатты тұрғын үй салынатын болды. Пилоттық жоба ретінде еліміз бойынша алғашқы боп Шымкентте қолға алынған бұл істі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ қаржыландырмақшы. Өңірімізге келген аталмыш қордың төрағасы Өмірзақ Шөкеев журналистерге берген сұхбатында «Бұл соңғы жылдардағы дағдарысқа тап болып, тұралап қалған құрылыс компанияларына қолдау, демеу ретінде Үкіметтің жасап жатқан көмегі» – деп қойып қалды сөз арасында. Сонда бұл тек қайығы суға кетейін деп тұрған құрылыс компанияларын аман алып қалу үшін ғана жасалып жатқан іс пе жоқ Елбасы айтқандай халықтың қолын «қолжетімді баспанаға» жеткізу ме? «Қолжетімді тұрғын үй ― 2020″ мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігіне айналатын Тұрғын ұй құрылысы бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» ел бойынша 3,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отыр екен. Оның ішінде 2013 жылы ― 200 мың шаршы метр, 2014 жылы ― 300 мың шаршы метр тұрғын үй және 2015 жылдан 2020 жылға дейін жыл сайын 500 мың шаршы метр тұрғын үй салмақшы. Бұл жобалар жеке меншік құрылыс компанияларымен бірге іске асырылмақ. Алайда тағы да сол үйлердің біразына басында қос-қос үйі барлардың пара ұсынып, не болмаса тамыр-таныстарын жиектеп жүретіндердің иелік етіп кетпесіне күмәніміз бар.

Бүгіндері Шымқалада үйдің кезегінде тұрғандардың саны 7 мың отбасыдан асып жығылады екен. Әр үйде кем дегенде 5 адам бар деп есептер болсақ баспанасыздардың саны 30-40 мың адамды құрайды деген сөз. Екі кезеңмен салынатын «Шаңырақ» тұрғын үй кешені секілді көпқабатты үйлердің саны Шымкентте болашақта 73-ті құрамақ. Ал енді бағасына келер болсақ, қарапайым халықтың қолына аса жетімді деп айта қою қиын. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ басқарма бастығының орынбасары Нұрлан Нұрғалиев «пәтердің әр шаршы метрін сатып алу құны 144 мың теңге. Аталмыш бағдарлама арқылы 15 жылға келісімге отырып, жалға алып, сатып алатын болса, бір-екі бөлмелі пәтер үшін айына 40-50 теңгенің төңірегінде ақша салып тұруға болады» – дейді. Қолжетімді пәтеріміздің құны да сиқы да осындай болып тұр. Мұны естігендердің де онша қуана қоймасы белгілі. Себебі Шымкент елдегі ең табысы аз қалалардың бірі. Мұндағы орташа жалақының мөлшері әлі сол бәз-баяғы 30-40 мыңның төңірегінде қалып отыр. Мұндай жалақымен пәтердің қарызын төлемек түгілі отбасын асыраудың өзі мұң емес пе? Дағдарыстың кесірінен бүгіндері Оңтүстік өңірде кеше ғана ашылған өндіріс, сауда, басқа да жұмыс орындары ізін ала қайтадан жабылып жатыр. Жұмыссыздық өршіп тұрған тұста әр шаршы метрі үшін мың доллар көлемінде қарыз төлеуге кімнің шамасы жете қояр екен?!

Шымкентті елдегі үшінші қалаға айналдыру үшін жасалып жатқан бұл тұрғын үй жобасының 70 % ашық нарықта таза сатылымға шығарылып, 30 % жалға берілетін пәтерлер санатында салынатын болып шешіліпті.ҚР Тұрғын үй коммуналды шаруашылық және құрылыс істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Серік Нокин «Бұл жобаның жас отбасыларға арналған бір бағыты да бар. Оның өңірлердегі шаршы метрінің құны 90 теңгеден босатылады. Ол үшін жас жұбайлардың жасы 29-дан аспауы және отбасы болғандарына кем дегенде 2 жыл толуы тиіс, және бір қалада өмір сүрулері қажет. Осылайша, үй салынып болғасын отбасы оған кіріп,«Тұрғынүйжинақбанкінен» есепшот ашып, 8,5 жылдай ақша жинайды. Белгілі соманың жарымын жинағаннан соң, олардың пәтерді сатып алуына мүмкіндігі бар. Ал бұлай жасай алмаса, 4 % несие алып тағы да 15 жыл қарызының орнын толтыратын болады. Бұл үшін 23 жылдан аса уақыт кетеді» – дейді. Бұл кісінің сөзіне қарап отырсақ, 8.5 жылда пәтердің толық құнын банкте жинақтауыңыз керек деген сөз. Жинақтап бола алмасаңыз банктен 4 % үстемемен несие алып құтыласыз. Бір қарағанда жап-жақсы болып-ақ көрінетін секілді. Алайда 100 шаршы метр үшін 9-10 мың теңге жалға алу құнын, сосын 40-50 мың теңге төңірегінде банктегі есепшотқа ақша аударып отыруыңыз қажет. Бұның барлығы да айналып келгенде жалақы мөлшерінің аз-көптігіне тірелейін деп тұрған сияқты.

Сарапшылар елде жуық арада экономикалық қарқынды даму бола қоймайтынын, жұмыссыздықтың өсе түсетінін, ақшаның құнсызданып, бүкіл ел көлемінде қызметкерлерді жаппай қысқарту науқандары жүретінін айтуда. Оның кейбір белгілері қазірден-ақ байқалып жатыр дейді білетіндер. Қалай десек те жарлы қазақ бай қазақтың босағасынан бүгін ертің шығып, өз алдына оңай жолмен, арзан бағалы үйге иелік ете қоюы екіталай сияқты. Әйтеуір аста-төк иен байлықтың үстінде отырған қазаққа, бірді екі ете алмай отырған жас қазаққа баспана шіркін ертелі кеш бір бұйырса екен деп тілейміз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

Сіз не дейсіз?

Алтынай Омарбекова, қала тұрғыны:

– Тұрғын-үй мәселесі бәрімізді де толғандырып жүрген нәрсе ғой. Әсіресе біз сияқты жастарға өте қиын болып тұр. Пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Таяуда «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне» барып, талаптарымен танысқан едім, көңіліме онша қоныңқырамады. Айтуларынша жинақтау кезеңі 3 жылдан 15 жылға дейін созылса, несиелеу кезеңі – 6 жылдан 25 жылға дейін ұзарады екен. Кәдімгі ипотекадан айырмашылығы осы банктің бағдарламасы бойынша, «тұрғын үй құрылыс жинақтау» туралы заңына сәйкес, келісілген сомманың жартысын жинақтауың керек. Ақшаңызды 3-15 жыл бойы осы банкте жинасаңыз, алған несиеңізді өтеуде қосымша мүмкіндіктерге ие боласыз. Маған ұнамағаны үйді несиеге бірден ала алмайтындығым болды. Ең кемі 3 жыл ақша салып тұруым керек. Қазір пәтерде тұрам, оған ай сайын 25 мың теңге төлеймін. Ал банкке бірнеше жыл бойы 20-30 мың салып отырсам қалай күн көрмекпін? Маған бұл өте тиімсіз. Айлығым небары 50 мың теңге.

Гүлнәр Әшірбаева, Шымкент қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

«Самұрық – Қазына» ұлттық әл ауқат қорының қатысуымен салынып жатқан тұрғын үйге халықты тіркеу, өтініштерді қабылдау жұмыстарына біз мүлде араласпаймыз. Біздің оған қатысымыз жоқ. Ол жұмыстармен Самұрық-Қазынаның өзі тікелей айналысуда. Халыққа түсінікті болу үшін айта кетейін, өтініш білдіріп, үй аламын деушілерге арналған ұлттық қордың сайтында арнайы ақпарат көзі бар. Барлық ақпаратты халық сол жерден ала алады. Ал, қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына келер болсақ, бұл бағдарлама әлі нақты қабылдана қойған жоқ. Елбасы биылғы Жолдауында аталмыш бағдарламаны үстіміздегі жылдың шілде айынан қалдырмай дайындап, бекітуді ұсынған болатын. Дәл қазір ол парламенттің қарауында. Президент қол қойып, ресми түрде жариялаған сәттен бастап қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдауды бастаймыз.