Алғыс хатты табыстау сәті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева оңтүстікке келген сапарында сәлем беруге соға алмаған 112 жастағы кейуанаға арнайы алғыс хат жеткізілді. 112 жастағы Құрманкүл әжейге бұл аманатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшылығы жеткізді. Уақытының тығыздығына байланысты 112 жастағы әжейге келе алмаған Дариғаның жылы лебіздері жазылған хат пен сыйлық әженің өз қолына табысталды.

«Екі ғасырдың куәсі ретінде, ашаршылық пен Ұлы Отан соғысы кезіндегі қиын кезеңдерді басыныңыздан өткерген сізге үлкен алғысымды білдіремін»,-делінген хатта.

Бұл сый‑құрметке әженің ұл‑қыздары мен келіндері, немерелері куә болды. Бірнеше жылдан бері шөбере, шөпшектерін қасына алып, өткенді еске алып, айтып отыратын әжейдің де көңілі жайланғандай болды. Сыйлықты табыстаған өкілдерге ақ батасын беріп, бейбіт өмір тіледі.