112 жастағы әженің Дариға Назарбаеваға жазған хаты

Құрманкүл әже немерелерімен

ОҚО, Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылында тұратын Құрманкүл Сариева биыл 112 жасқа толып отыр. Жақында әжей ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваға өлеңдетіп хат жазыпты. Хатты оқыған Дариға Нұрсұлтанқызы Оңтүстікке келген сапарында міндетті түрде Құрманкүл әжеге соғып, жағдайын біліп қайтуға уәде еткен-ді. Әйткенмен, кешегі аптада өңірімізде болған кезінде Дариға қызын қой сойып, бауырсақ пісіріп, күткенмен Құрманкүл әже жолыға алмағанына арманда. «Қызметтегі қыз ғой, ел үшін еңбек етіп жүр, қолы тимеген болар. Оған өкпем жоқ»,-дейді әже.

Ғасырдан аса ғұмырына қарамастан Құрманкүл әженің күш‑қуаты кемігенімен, кәрілік ақыл –есін жеңе қоймаған. «Тынбай еңбектенудің арқасында ұзақ жасап отырмын», —  дейді ол. Ес білгелі ауыр жұмыстан қашпаған, бел жазбай еңбектенген әже өзінің балалық, жастық шағы қиын-қыстау кезеңмен қатар келген  зұлмат жылдардың ешбір сәтін естен шығарған емес. Қайғысы мен қасіретін әкелген соғыс уағында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмегенін айтады.

— Көрмегенді көрдік қой, қызым,-дейді Құрманкүл әже әңгімесін әріден бастап.

— Кәрілік жаман ауру, таптырмайтын

Мал сойып, өкпеменен қашырмайтын.

О заманда қыздардың әйнегі едік,

Іздеген жігіттерге таптырмайтын,- деп өлеңдетіп қояды.

— Күні бойы мақта ектік, шөп шаптық, жер жырттық. Әкесіз қалған балалармен бірге ауылдың жас келіндері, кемпір-шалдары, барлығымыз қалмай егістікке шығатынбыз. Аш-жалаңаш, жүрдік те. Менің киім тігетін аяқ мәшинем болушы еді. Күні бойы жұмыс жасап, кешке үйге келген соң солдаттарға киім тігіп, олардың жылы киімдерін дайындайтынбыз.

«Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» десек те, ғасыр құрдасының өмірден көргені де, түйгені де көп. Осыдан 92 жыл бұрын өзінен отыз жас үлкен отағасына тұрмысқа шыққанда ол небәрі 20 жасар қыз болған екен. Жастығына қарамай, қатал өмірдің сынына төтеп беріп, ауыр тауқыметті көтере білген ер ана екі ұл мен бір қыз тәрибелеп өсіріпті.

Шаңырақтың үлкен келіні Үміт Әбдікәрімова он жеті жасында осы үйдің босағасынан аттап, Құрманкүл әженің тәлім‑тәрбиесін алған жан. Оның айтуынша, әжесі жас кезінде қатал, салмақты, шыдамды, әрі өте пысық кісі болыпты. Үйіміздегі киіздер мен алашалар осы кісінің қолынан шыққан. Күні бүгінге дейін инені өзі сабақтап, құрақ көрпелер тігеді екен.

«Ас адамның арқауы» дегенді де әжей мықтап ұстанады. Өйткені, бірінші кезекке ол дұрыс тамақтануды қояды екен. Бір қызығы, Құрманкүл ана қасықпен тамақ ішпейді және дастарханынан ақ үзілмейді. Үлкен келінінің айтуынша, ол  күн сайын таңертең пісірілген бір тілім құйрық май жейді екен. Күн cайын ет асылмаса ұрыс еститінмін деп еске алады ол. Сонымен қатар, дүкеннің макарон өнімдері емес, қолдан жасалған ұн тағамдарын, әсіресе нарын мен жент,  сүт пен айран, қымыз және жұқпа ғасыр құрдасының сүйікті тағамы екен. 

Бүгінде аңызға айналған оның өнегелі өмірі келіндерінен бастап, барша ұрпағына үлгі. Олар шаңырақтың ажарына айналған әжесімен мақтанады. Үлкен ұлы зейнетке шықса, шөбересі келін түсіріп, әжей немене сүйіп отыр. 18 немересі мен 58 шөберенің ғана емес, атандай бір ауылдың анасына айналып отырған Құрманкүл әже тек  басшыларға өкпелі. Жергілікті немесе қала, облыс басшыларынан келіп, қал — жағдайын сұрап, елеп ескерген ешкім болмапты. Ескерілмей қалдым деген сөзін нықтап айтқан әжей,   арманы орындалмағандай күрсінді.

Дариға қызыма!

Дариға қызым хан едің, Мен қартайған жан едім. Жүзден асқан анаңмын, Қабылда қызым сәлемін.

Қыз едің жаным елеулі, Өмірім менің шегеулі. Шенің биік болған соң, Білмей тұрмын не деуді?

Сөзімді тыңда қарағым, Көп жасаған анамын. 112-ге келген анаңа, Оң қабақпен қарағын.

Бәрін де бастан өткердім, Қиындықты көп көрдім. Сөзімді жерге тастама, Қызысың Патша, бектердің!

Хат жаздым сендей асылға‑ай, Шынымды айттым жасырмай. Ақ батам болсын қарағым, Жасың жетсін ғасырға‑ай.

Өзіңді күнге теңедім, Өзіңе ғана сенемін. Қартайған мына анаңа, Бола ма? Қызым көмегің.

Ел үшін қызмет ете бер! Армансыз болып өте бер! Ақ батам осы алтыным, Жасыма менің жете бер!..

Құрметпен, Құрманкүл Сариева