Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында сұмдық оқиға тіркелді. Шақпақ ауылында 19 мамыр күні жоғалып кеткен 3 жасар бүлдіршіннің мәйіті араға сегіз күн барып табылды. Белгісіз біреулер баланың өлі денесін қапқа салып, үйінің маңына тастап кеткен. Таңертеңгі алтылар шамасында оны әжесі тауып алыпты.
Ауылды дүр сілкіндірген оқиға Бәйдібек ауданында болыпты. 19-мамыр күні 3 жасар Аңсарды көршілері велосипедімен ойнап жүрген жерінен көрген. Одан кейін ата-анасы баланы таппай қалады. Араға апта салып барып, баланың өлі денесі табылды.
Алайда бүлдіршіннің ата-анасы тілшілерге қандай да бір сұхбат беруден бас тартты. Ал көршілерінің айтуынша Аңсар кешкі алтылар шамасында көше бойында өзге балалармен ойнап отырған. Кейіннен ізім ғайым жоқ болыпты.
Көршісі: «Аяқ киімі қалып кеткен. Велосипеді қалып кеткен. Сонымен жоқ дейді ғой. Сонымен бір апта жоқ болды. Сенбі жоқ болды да, осы сенбіде арықтың жағасына алып келіп тастаған дейді ғой. Қай уақытта әкеп тастағанын».
Баланың мәйітін таңғы алтылар шамасында мал айдауға шыққан әжесі тауып алған. Оның өлі денесі полиэтилен қапшыққа салынып қойыпты. Ашып қараса Аңсар екі бүктелген күйі жатыр екен. Артынша полицейлер келіп, мәйітті сот медициналық сараптамаға алып кетіпті.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі: «Баланың басы жарылған. Баланың өлімі 24-25 мамырда болған. Қазіргі таңда бірнеше сараптамалар тағайындалды. Сот медициналық сараптамасының бір тәулікте берген сараптамасы. Баланың басына ми жарақат келтірілген. Әдейі өлтірілген. Немесе көлік қағып кеткен».
Әзірге баланың неден қайтыс болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Бәзбіреулер оны әдейі өлтіріп, үйінің алдына тастап кеткен десе, енді бірі көлік қағып, ізін жасырмақ болғанын айтады. Кейін қорыққаннан алып келіп тастапты-мыс. Десек те қазір қандай ақпарат бар екенін білмек болған тілшілерді ауыл әкімі де, учаскелік полицей де қабылдаудан бас тартты.
Есесіне ауыл адамдары бізге өздері хабарласты. Айтуларынша полицейлер бала жоғалған күні аяқ киімін тауып келген көршісі Мақсат Қожамқұловты ұстап алып, қылмыс жасағаныңды мойында деп ұрып соққан көрінеді.
Гүлбахрам Қожамқұлова-Мақсат Қожамқұловтың анасы: «Табылғаннан кейін милициялар барды да неге олар сендерге жақын жерден табылады. Оның аяқ киімін сендер қалай алдыңдар. Ей баламды ұрып соғып, екі баламды бірдеи қамап қойған ғой көкежан».
Сансызбай Қожамқұлов, Мақсат Қожамқұловтың әкесі: «Алғашқы баламызды милициялар жауап аламыз деп кіргізіп, одан кеиін әбден ұрып баламды қорқытып, «Сен мынаны мойында жазаң жеңіл болады деп қорқытып», салафан кигізіп тұншықтырып, тура гистопа сияқты неғылған. Мына құлағының несі жарылған. Мазготресения алған. Лоқсып құсып, менің балам жарымжан болып қалды. Осы милициялардың арқасында. Доқтырға апарып ек доқтыр қабыллдамай қойды».
Алайда, жедел жәрдемнің жүргізушілері бізбен сұхбаттасқысы келмеді ме әйтеуір көлікті жүйіткіп қаша жөнелді. Осыған қарағанда мұнда бір шикіліктің бары рас па деген ой туады. Қалай болғанда да баланың денесі күні кеше ғана жер қойнына тапсырылды. Қазір Бәйдібек аудандық ішкі істер басқармасы кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге іздеу жарияланып отыр екен.