Оңтүстік Кореяның Пуенктаэк қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Оңтүстіктің зілтеміршілері де олжаға кенелді. Қыздар арасында аса ауыр салмақта бәсеке көрігін қыздырған жерлесіміз Александра Аборнева күміс жүлдені иемденді. Ол басты қарсыласы Оңтүстік Кореяның беткеұстар ауыр атлеті, Олимпиада чемпионы Миран Жангке есе жіберіп қойды.

Алек­сандра жұлқа көтеруді 105 келіден бастап, екінші мүмкіндігінде 110 келіні де бағындырса, серпе көтеруде 141 келіні басынан асыра сілтеді.

«Шынымды айтайын, күміс медаль алуды жос­пар­лаған жоқ болатынбыз. Бас бапкеріміз Алексей Ни: «қола медаль алсаң, сол да – үлкен нәтиже» деген болатын. Ал­ғаш­қы жаттығуда өз қате­лі­гім­нің кесірінен қарсы­ла­сым­ды алға жіберіп алдым. Ал екінші жат­тығуда одан асып түсуге бола­тын­дығын сездік те, тактикалық тұрғыда бапкерім оларды алдап кетті. Қарсыласымның жүйкесі алғашқы мүмкіндікте сыр бер­ді. Соны сезіп, бар күшімді салдым да, 141 келіні бағындырдым. Өте қуа­ныш­ты­мын. Бұл жеңіс бапкерлерімнің арқа­сында келді. Ендігі Азия чемпио­на­тында алтын аламын»,- дейді спортшы қыз журналистерге берген сұхбатында.