Шымкентте жаңа спорт нысаны салынып жатыр

61

«Тәні саудың – жаны сау» болатыны айқын. Осы қағидағы берік ұстанған Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, бұқаралық спортты дамыту үшін нақты тапсырмалар берген болатын.

Мектеп жасынан бастап жалпы халықтың спортпен айналысуы дені сау ұлт қалыптастыратыны анық. Бұл тарапта халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалар да жүзеге асырылуда.

Осы бағытта Шымкент қаласында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірқатары спорт нысандарын көбейту болып отыр. Спортты жанына серік еткен жастардың нәтижелі жетістіктерге жетері айқын.

Биыл Шымкент қаласында 4 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары заман талабына сай сапалы жүргізілуде. Құрылыс барысы әрдайым қала әкімінің назарында тұр. Соның бірі Бозарық-3 шағынауданындағы спорт мектебі.

Жаңа нысан Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебінің қосымша ғимараты ретінде салынып жатыр.

Спорт кешенінде бір ауысымда 10 мен 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи спорт кешені болмақ. Жас спортшылар үшін онда бар жағдай жасалған. Ал спорт мектебіндегі құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталмақ.

Айта кетейік, «Металлург» стадионы да қайта жаңғыртылудан өтуде. Кешен толық аяқталған соң заманауи жабдықталған, жарқыраған нысан болмақ. №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залы салынуда. Барлығы да жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін қарастырылған.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сай жергілікті жерде аталмыш бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.