Оңтүстік Кореяның Пуенктаэк қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Оңтүстіктің зілтеміршілері де олжаға кенелді. Қыздар арасында аса ауыр салмақта бәсеке көрігін қыздырған жерлесіміз Александра Аборнева күміс жүлдені иемденді. Ол басты қарсыласы Оңтүстік Кореяның беткеұстар ауыр атлеті, Олимпиада чемпионы Миран Жангке есе жіберіп қойды.
Александра жұлқа көтеруді 105 келіден бастап, екінші мүмкіндігінде 110 келіні де бағындырса, серпе көтеруде 141 келіні басынан асыра сілтеді.
«Шынымды айтайын, күміс медаль алуды жоспарлаған жоқ болатынбыз. Бас бапкеріміз Алексей Ни: «қола медаль алсаң, сол да – үлкен нәтиже» деген болатын. Алғашқы жаттығуда өз қателігімнің кесірінен қарсыласымды алға жіберіп алдым. Ал екінші жаттығуда одан асып түсуге болатындығын сездік те, тактикалық тұрғыда бапкерім оларды алдап кетті. Қарсыласымның жүйкесі алғашқы мүмкіндікте сыр берді. Соны сезіп, бар күшімді салдым да, 141 келіні бағындырдым. Өте қуаныштымын. Бұл жеңіс бапкерлерімнің арқасында келді. Ендігі Азия чемпионатында алтын аламын»,- дейді спортшы қыз журналистерге берген сұхбатында.