Аналардың саулығы-ұлттың саулығы

462
"Ару аналар" қоғамдық бірлестігінің кезекті отырысы

«Ару аналар» облыстық көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігі отбасындағы әйелдерді салауатты өмір салтын құруға шақырды. Ана мен бала денсаулығы — ең өзекті мәселе.

Ананың дені сау болса, дүниеге 12 мүшесі сау бала келетіні ақиқат. Деректерге сүйенсек, еліміздегі әр бесінші бала Оңтүстік өңірінде дүниеге келеді. 10 мыңнан астам аналар 10 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр. Облысымыз бойынша 450 мың отбасының 160 мыңы көпбалалы отбасы болып табылады.

Халық санын көбейтіп отырған аналардың саулығы-дені сау ұлттың тірегі болмақ. Тегінде қырық жаны бар әйел заты-өте ұмытшақ халық. Ананың өмірінің қоғам үшін қымбат екенін айтудай-ақ айтып жатырмыз, бауыр еті баласы үшін де, елі үшін де, ері үшін де жауапты.

Бірақ олар өздері туралы ойлауды ұмытып кетеді. Әйтпесе ана мен бала өлімінің көбейіп тұрғаны, қатерлі ісік ауруының қаупі туралы ести тұра, жылына бір-екі рет гинекологтың қабылдауына барып, тегін тексерілуге енжарлық танытпас еді. Скрининг бойынша маммографияға ақысыз түсуге де құлықсыз. Ал бұл шараның  жатыр мойны безі мен емшек безінің алдын-алуына пайдасының  көп екенін біреуі білсе, біреуі білмейді.

Дәрігерге аяғы ауырлағаннан кейін барып жүгінеді. Жас қыздар жөргегінен қағынып, жасанды түсікке үйір болып жүр. Осының бәрі қыз-келіншектердің өз денсаулығына қалай қарайтындығын көрсетсе керек. Осы мәселе жайында «Аят» жанұялық емханасының дәрігері Гүлжан Құттыбекова аналарға кеңес берді.

Жиынға келген қоғамдық бірлестіктің бастығы Бану Ордабаева әрбір анаға кеңес берді.

Жатыр мойын каналының жұғындысын цитологиялық зерттеу, маммография- сүт безін арнаулы рентгенологиялық зерттеуден өткізу жүріп жатыр бүгінде. Сонымен бірге, сүт безі мен жатыр мойыны ісіктерін алғашқы көрінбейтін, білінбейтін белгілерін анықтау, мезгілінде табуда да скрининг жүріп жатыр.