Оңтүстіктің тумасы, әнші Ажар Түзелбекқызының өмірден өткеніне тура бір жыл толды. Қоян жылы жол апатынан құрбан болған мұңлықтың соңында үш балапаны қалды. Тағдырдың маңдайына жазғаны болар, Ажардың жары, айтыскер ақын Оразалы Досбосынов та жол көлік апатынан көз жұмған болатын.
Өнерімен дүйім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген, қысқа ғұмырларында өшпестей өнеге қалдырып үлгерген қос жұлдызды еске алу мақсатында Алматы қаласында Студенттер сарайында 16-мамыр күні сағат 19-да арнайы кеш өтеді.
Еске алу кешіне Ажар мен Ораздың өнердегі әріптестері мен өмірдегі жолдастары шақырылған. Ажар мен Ораздың соңында қалған балапандары үлкен қызы Нұрайша мен ұлы Нұралы анасының орындауындағы «Сағындым сені» әнін шырқамақ.
«Күн батты, таң атты тағы да, Ем таппай жаралы жаныма, Жоғыңа сенбестен қарайлаймын жолыңа. Сен едің ертегі аралым, Дертімнің таба алмай амалын, Таусылып ішімнен барамын, ау, қарағым…» –деп аналары жүректерді тербетіп кеткен мұңды әнді енді боталары орындамақ.
Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Көпбалалы отбасынан шығып, алты баланың кенжесі болып ерке өскен Ажар өнер сахнасында да еркелігімен ерекшеленіп, елдің есінде қалары даусыз.