Белгілі фантаст-жазушы Сарманбай Исақ 60 жаста

Сарманбай Исақ

Шымкент қаласындағы Александр Сергеевич Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қарауылбек Қазиев атындағы сыйлықтың иегері, фантаст-жазушы Сарманбай Исақтың 60 жасқа толуына орай әдеби шығармашылық кеш өтті.

Аталған кездесуге жазушы Мархабат Байғұт, ақын Әбілда Аймақ, жазушы Қайырғали Медет, жазушы журналист Шойбек Орынбай, Сәрсен Бек Сахабат, журналист Слам Нұрмаханбетов, ақын Нармахан Бегалиев, әдебиетшілер, журналисттер, Мирас Университеті, Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық колледжінің студент жастары қатысты.

Кеш барысында Қазақтың «Жюль Верні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып «Қиялы қияндағы» деген слайд шоу көрсетілді. Бүгінде Сарманбай Исақтың бірнеше шығармалары жарыққа шыққан. Олар: «Тұлдыр тағдыр» (фантастикалық роман), «Қызыл сәуле» (фантастикалық повесть және әңгімелер), «Үрей жайлаған дала» (Повесть және әңгімелер), «Құмар», «Сенсация века» сынды тағысын тағылар.

Сарманбай Исақ 1952 жылы 5-мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы ХХI партсьезд кеңшарының Қайтпас ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Шымкент совхозтехникумын бітіріп, сол жылы Бөген аундандық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет атқарды. 1984 жылға дейін Төрткүл орта мектебінде мұғалім, «Көкарал» совхозында агроном, бөлімше меңгерушісі болды. 1988 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1994 жылға дейін Шымкент облысы Абай ауданына қарасты ХХIпартсьезд совхозында агроном болып жұмыс істеді. 1994-1998 жж. Бозарық ауылының әкімі қызметінде болды. Бүгінде қалалалық әкімшілікте қызмет атқаруда.

Көпшілік оқырмандарды қазақтың «Жюль Верні» атанып жүрген жергілікті фантаст-жазушының шығармаларымен кеңінен таныстыру, көркем әдебиетке деген жастардың қызығушылығын аяту мақсатында өткен шығармашылық кеш әлі де ұйымдастырылады.