Белорусиялық көліктерді рәсімдей алмайсыз

200

Жарты сағат бұрын жетекші партияның белсенділері қоғамдық қабылдауын аяқтады. Шақырымдап шаң жұтып, қалтадан шыққан қомақты қаржы құр әурегершілік болды ма? «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кезекті қабылдауына келгендер осындай сауалды төтесінен қойды. Бар мәселе белорусиялық көліктердің рәсімделуіндегі кежегеден кейін тартқан келеңсіздер турасында болды. Алыстан ат арылтып айдап әкеп, ақырында темір тұлпары түкке тұрғысыз болып қалған жұрттың жанайқайын бізде естіп қайттық.

«Нұр Отанның» алдына жиналуды көздеген көлік иелерінің әрекеті туралы тәртіп сақшыларына сыбыс жетсе керек, погондылар төңіректі торуылдай бастады. 3-4-уінің басы қосыла бергенде, партия өкілі шығып, қоғамдық қабылдауға шақырды. Көлік иелеріне де керегі осы еді. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, олар аянбай айтып салды.

Қоғамдық қабылдауға қатысқан 30-дан астам көлік иелерінің де өз айтары бар. Өйткені әр құзырлы мекеменің әрекеті оларға түсініксіз.

ЖПБ басшылығы қоғамдық қабылдауға қырын қараса керек, қарапайым инспекторды қосып жіберіпті. Республикалық деңгейдегі мәселеге жай қызметкердің құзыры қайдан жетсін. Шарасыздық танытқан Шәріпбек Жамалбеков бар жайды басшылыққа жеткізуді тапсырды.

Әнуар да осылай әлекке қалғандардың бірі. Өткен айда белорусиядан екі бірдей көлік айдап әкелген ол құр алақан қалдым ба дейді. Кедендік рәсімдеуден өткізіп, салығын төлеп, құжатын рәсімдеуге сақадай сай етіп қойған. Бірақ енді бәрі бос тіршілік.

Мәселенің мәні министрлік араласқанда ғана шешілетін болады. Енді ол тек уақыттың еншісінде. Әзірге жергілікті жердегі құзырлы органдарға тиісті хат жөнелтілді.