Аспан асты елінде өткен Олимпиада ойындарына қазақ жерінен он былғары қолғап шебері мықтылық танытқан болатын. Олардың қатарында Шымкенттің қос саңлағы да ептілігін сынға салды. Олар: Біржан Жақыпов және Еркебұлан Шыналиев. 2008 жылы Олимпиаданың медалін мойнына тағып, жеңіс тұғырына көтерілу жерлесіміз Еркебұланға бұйырған екен. Шымкенттік боксшы қоладан алқа тағып, оңтүстік жұртшылығын бір қуантып тастады. Бағы жанған боксшыны құттықтап, астына тай мінгізіп, баспаналы еткен жерлестері көп ұзамай былғары қолғап шеберін жоғалтып та алды.
Дүбірлі сайыстан кейін Еркебұлан ұзақ мерзімді демалысқа шықты. Өзгелері спорттық залға қайта келгенде олардың арасында Олимпиаданың қола жүлдегері болмады. Ол — отбасылы болып, ұзын құлаққа сенсек, бизнеске де бас ұрыпты. Әрине, бір жыл өтер өтпес Еркебұлан Шыналиев бокс залына қайта келді. Алайда, жолы болмады ма, әлде демалыс аздық етті ме, чемпион жігіт қайта демалысқа шықты. Қазақстан чемпионатында да жүлдесіз болды. Салмағы ауырлап, бапкерлер де жерлесімізге аса үміт артуды да қойды. Десек те бұл күндері Бейжің Олимпиадасының жүлдегері кезекті рет қолына былғары қолғабын киіпті. «Қайдасыз?»- деген сауалмен боксшыдан сұқбаттасуға бел будық.
— Үш жылдан бері қайда болдыңыз?
— Бастапқыда демалысқа шыққан болатынмын. Кейіннен отбасын құрып, жанұямның жұмыстарымен жүріп қалдым. Кейіннен жаттығуға қайта кіріскен де едім. Алайда, бір себептерге байланысты қайта үзіліс алуға тура келді.
-Бұл күндері жаттығуға қайта кірісіпсіз?
— Иә, осы бір айдың шамасы болып қалды, өзімнің үйреншікті бокс залыма келіп, жаттығуымды бастадым. Ендігі, мақсатым, қандай да жұмыс болмасын дайындығымды тоқтатпаймын. Оның үстіне, бүгінде өзім боксшы бола тұра, өскелең ұрпақтың жаттығуына да бапкер ретінде көмектесіп жүрмін. Ағайларыма қол қанат болсам деймін. Таңертең жас боксшыларға ақыл кеңесімді берсем, кешкісін өзім ринг төріне шығып, жаттығуыма кірісемін. Әрине, қиындау, алайда мақсатыма жету үшін бұл сынақтан өтуім тиіс. Жоспарым қолымнан келгенше дайындығымды жөнге келтіріп, тағы бір рет болсын Азия чемпионатында топ жарсам деймін. Жасым 24-те ғой, алар белес әлі де алда деп ойлаймын. Тек еңбектену қажет. Әрине, барлығы да бірден келе салмайтынын білемін. Сол себепті де жаттығуларымнан қалмауға тырысып жүрмін.
-Ол дегеніміз болашақта өзіңізді бапкерлікке дайындап жүрсіз бе?
— Енді болашақты болжау қиын. Әзірге мен боксшы ретінде ринг төрінде ептілігімді сынға салсам деймін. Алайда, кім білер алдымызда не күтіп тұрғанын. Ал қолымнан келгенше өзімнен кейінгі жастарға көмектескенім артықтық етпес деп ойлаймын. Арманым, тағы да халықаралық аренада ел туын биікке көтерсем. Содан кейін-ақ қолғабымды шегеге ілуіме болады.
-Салмағыңыз да ауырлап қалыпты.
— Иә, оныңыз рас. Осыдан бір жарым айдай уақыт алдын бокс залына келгенімде салмағым 114 келідей еді. Тынбай еңбектеніп, ауыр жаттығулар жасап, бүгінде жүз келіге дейін түсірдім. Бір айдың ішінде 14 келіге арықтау аз емес деп ойлаймын. Әрине, әлі де салмағым ауыр. 91-ге дейін жетуім керек. Тағы 3-4 айдың ішінде тиісті салмақта рингке шыға аламын деп үміттеніп отырмын.
-Кейде, әттең-ай деген сезім болатын шығар?
— Әрине, бармағымды тістеп, неге о бастан-ақ жаттығуларыма кірісіп кетпедім екен деп ойлаймын. Уайымға да салынатын кезім болады. Әрине, уақыт өтті, бұл күндері сары уайымға салынғаннан түк шықпас. Оның орнына жаттығуымды жалғастырайын деп те өзімді жұбатамын. Оның үстіне 91 келі салмақта ептілігін сынға салған Василий Левит Олимпиадаға жолдама жеңіп ала алмады дегенді естігенде, шіркін-ай, дайындығым дұрыс болғанда Лондонға лицензияны мен жеңіп алар ма едім деген де ой ұялайды. Мені кішкентай кезімнен дайындап, бүгінде ұлттық құраманың бас бапкері болып отырған Мырзағали Айтжановқа да көмек болар ма еді. Әттең, уақыт өтіп кетті.
-Отбасыңыз қалай? Сәбилі болып та қалған шығарсыз?
— Жоқ, әзірге сәбилі болған жоқпыз. Күтіп отырмыз. Маған шыдамдық танытып, сенім артқан жақындарыма алғысымды білдіремін. Мырзағали ағайға да айтар рахметім өте көп. Ендігі мақсатым, бапкердің үімітін ақтап, облыс намысын халықаралық аренада қорғай түсемін деген үміттемін.
— Іске сәт. Сұқбатыңызға рахмет.