Тыл ардагері, Батыр ана - Адаскүл Зияева

Соғыстың өзі түгелі, аты да суық. Сол бір сұрапыл соғыстың салған жарасы қаншалықты елге ауыр болғаны да анық. Зұлмат жылдар елге де қаралы уақиғалар мен қаралы хабарды сыйлады. Сол жылдар біткен соң да, елдің хал-ахуалы ауырлады. Қиын қыстау заман туды ел басына. Десе де елім деп ерлегендердің арқасында ел амандығы мен азаттығын сақтай алды.

Мәселен, жасы 70-тен асқан Адаскүл апа – тыл ардагері. Жастайынан қиыншылыққа мойымаған ол, 15 құрсақ көтерген. Бүгінде 13 баласының ортасында Күндей болып шуағын шашып жүр. Әрине, бүгінгі күнді Адаскүл апа дәл осылайша елесте де алмады. Өйткені, “тар жол, тайғақ кешу” мұны ойлауға мұрша бермеген еді.

Адаскүл Зияева, батыр ана, тыл ардагері: «Сол заманның бейнесі әлі де көз алдымда. Тіпті түніміз тыныш болмайтын біздің, уайым-қайғы. Таңертең жер жыртып, дақылдар егеміз. Оны суғарамыз. Тракторға мініп ап, бар ауыр жұмысты атқардық. Сонда біз қара суға зармыз ғой, анадай жерде ағып тұратын арықтан лай суды іше саламыз. Қарнымыз болса аш. Осылайша аш жүріп те күнімізді көрдік. Балаларымызды аман-есен өсірдік. Таңданатыны сол – біз ол кезде мынау әйелдің жұмысы я болмаса, мынау еркектің жұмысы демейтінбіз. Барлық жұмысты жұмыла атқардық қой. Әрине, оның барлығы тарих қойнауында. Ең алдымен, балаларым мен немерелерім жақсы ғұмыр кешіп жатқанына қуаныштымын. Ештеңеге өкінбеймін».

Қаншалықты адам төзгісіз ауыр жұмыстарды атқарған ана, елінің ертеңін ойлағаны даусыз. Өзінің өткені жайында сұрағанымызда, алдымен суреттер жинағынан бастағанды жөн көрді апа. Өмір жолын бейнесі тозған суреттерге қарап, еске түсіре баяндап берді. Десе де бақытты балалық шағы қантөгісті соғыспен тұспа тұс келген ананың еткен еңбегі мен көрген қиындығы әлі де көз алдында. Әрбір таңын тәубешілікпен атқызатын ананың сөздеріне қарап-ақ бостандық бұғауының түйіні қандай болғанын бағамдауға болады.

Ел басына күн туған заманда қайратымен жігерленіп, өзін рухани демеп еңбек еткен Адаскүл Зияева бүгінгі азаттық таңына шүкіршілік етеді. Көненің көзіндей болған құмыраға қарап, шежіре жаны өткенін еске алады көңілі босап. “Әрбір жаныма жақын, құнды бұйымдарын көрген сайын өткенді еріксіз еске алудамын. Десе де ештеңеге өкінбеймін” дейді ол. Олай дейтіні де белгілі, ұрпақтарының бейбіт өмір кешуіне өзінің сүбелі үлесін қосты. Батыр ана алдында қандай заман туса да , 13 баланы аман-есен дүниеге әкелді. Бүгінгі жас аналарға айтары да көп екен. «Бала – үйдің шуағы» деген баталы сөзге тоқталып, бірнеше перзентпен шектелетін жанұяларға ақылын айтудан жалықпай келеді.

Әрине, ерлігімен тарихтың алтын парақтарын толықтыратын Адаскүл апаның ел алдында еңбегі ерен. Өкініштісі сол – осылайша, жақсы ісімен жаханға үлгі-өнеге көрсеткен анаға билік тарапынан лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Десе де 13 баласынан 37 немере, 7 шөбере сүйіп отырған анаға бұдан артық бақыт керек те емес. Сол бір қиыншылықты өткерген ардақтыларымыз санаулы ғана қалды епес пе?! Санаулыларды санаулы ғана ғұмыр күтіп тұр. Сол себепті өмірден өткен соң ескерткішті әрлемей, тірісінде жағдайын жасуымыз қажет-ақ. Дәл осы бір мәселеге келгенде биліктің тоқырай беретіні тағы бар.

«Балалы үй – базар» демекші балаларының қызығын тамашалап, балдай тәтті немерелерін бауырына басуда. Мейрамда ғана емес, күн сайын гүл шоқтарын сыйға тартуды перзенттері әдетке айналдырған. Көксегені де – анасын құрметке бөлеу. Бастысы, әрдайым, жанарынан нұр шашылып, жан дүниесі мейірімге толы жан – Адаскүл апаның ерлігін насихаттау біздің басты міндетіміз екенін ұмытпайық, ағайын! Бүгінде киелі Түлкібас өңіріндегі Машат ауылдық округінде ғұмыры өнегеге толы, бүкіл ауылына, ұрпағына қадірменді қасиетімен үлгі болған осындай бір жан өмір кешуде.