Жетісайда 16 мыңнан астам «Батыр ана» тұрады

17

Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінде тұратын Сүттібаевтар әулеті бүгінде көпке үлгі болып отырған отбасылардың бірі. Бұл отбасының ерекшелігі түгелдей дерлік көпбалалы. Шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Зәуре апа 13 құрсақ көтерсе, келіндері мен қыздары да ана жолын жалғастырып 7-8 перзентті болып отырған жайы бар.

Бала туу көрсеткіші мен адам саны бойынша өзге ауландардан оқ бойы озық Жетісайда көпбалалы аналар көп. Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Зәуре апамыз 14 жасында осы шаңыраққа келін болып түсіп, сол кезден бастап отбасының берекелі тірлігіне ұйытқы болып келеді.
«Біздің кезде заман аздап қиындау болды. Ол кездің аналарына қазіргідей жағдай жасалған жоқ. Перзенттерімнің жартысын өзім жаяу барып босансам, екеуін үйде босандым. Жұбайым бір үйдің жалғыз баласы болғандықтан бар ойым күйеуімнің ұрпағын көбейту еді. Ешқандай баламды алдын-ала жоспарламадым. Құдайдың берген перзентін өмірге әкелдім. Осы күніме шүкіршілік айтамын. Адам ұрпағымен мың жасайды. Алла осы ұрпақтарымды аман етсін» дейді Зәуре Сейдімбекқызы.
Қазіргі таңда Зәуре апамыз ұл-қыздарынан 75 немере мен 30 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр.
«Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіс. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, үлгілі ата-ана бол. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осындай болған», – деп ақыл-кеңесін айтады батыр ана.
Айта кетейік Жетісай ауданы бойынша 16 498 көп балалы аналар болса, оның 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар аналар 8160. Батыр аналардың саны 369, «Алтын алқа» 1686, «Күміс алқа» 5537, І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерімен марапатталғандар 746-ны құрап отыр.