Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаев 90 жаста

1360
Соғыстың соңғы батыры

Соғыс! Неткен үрейлі сөз еді… Талай боздақтар тағдырдың басқа салғанына көніп, батыстан тұтанған қызыл өрттің ішіне еніп кете барды. Артта қалған туған елі мен жерінің, анасы мен баласының болашағы, олардың амандығы үшін өз жанын пида етіп, Ұлы Жеңіс пен бейбітшілікті паш етті.

Жер-дүниені дүр сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 67 жыл толып отыр. Елімізге зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ кем де кем шығар. Әкелеріміз бен ағаларымыз қан майданында толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандығымен басқа ұлттар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді. Қазақ жауынгерлері батыр халықтың ұрпағы екендерін бірден дәлелдеп, ұрыс алаңында батылдық танытты. Ажал да қасқайып қарсы тұрған қаһармандарды еріксіз мойындауға мәжбүр болды.

Он сегіз жасында от кешкен бала Тоғанбай бүгінгі күні Ұлы Отан Соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, 90 жасты алқымдап отыр. Атайдың сол жылдардан айтар естеліктері көп-ақ. Соғыс басталған 1941- жылдан бастап елін қорғауға аттанған Тоғанбай Қауымбаев 1943 жылы Днепр өзенінен өтіп, жау бекінісіне бірінші болып атой салғаны үшін осы атаққа ие жауынгерлердің бірі әрі көзі тірісі. Жиырма жасында алтын жұлдыз таққан қазақ жауынгерін алдыңғы шептен алып, штабқа жіберген. Қаһарман атаның айтуынша, соғыс жылдары атағы дүркіреп тұрған Сабыр Рақымовтың адъютанты болып тағайындалған екен. Білікті заңгер, әрі жазушы Нығмет Төлендиев осы Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымов туралы «Екі жұлдыз» атты деректі шығарма жазып, кітап етіп шығарған. Бұл кітапта генерал мен оның жас адъютантының арасындағы туыс-бауырға лайықты жарасымды қарым-қатынастары суреттелген.
1946 жылы соғыстан абыроймен қайтқан Т. Қауымбаев 1947 жылы үйленеді. Бейбіт өмірде де өзгелерге өнеге болған ақсақал бүгінгі таңда 90 жаста. Жұбайы Шәрбану Қауымбаева екеуінің 1 ұл, 3 қызы бар.

«Жалғыз ұлды жауыз тағдыр жалмап әкеткені жара болса да, 3 қызымызбен өсіп-өніп, он немере, он алты шөбере сүйіп отырмыз. Батырдың әйелі екенмін деп, ешқашан мақтанған емеспін. Ешкімді менсінбей, көкірек те кергенім жоқ. Бірақ, арқалаған жүгімнің ауыр екенін түсіндім. Өзгелерге үлгі боларлықтай қызмет еттік. Бала-шағамызды оқыттық, ел қатарына қостық. Еліңді, жеріңді сүй, Отаныңды қорға, бейбітшілікті бағала деп үнемі жастарға айтып отырамын. Ия, менің күйеуім 20 жасында батыр атанған. Қазіргі жастар да сол ерлікті қайталай алады деп ойлаймын. Мен өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа сенемін. Бәрі иманды, жалынды, тәрбиелі, оқуға ынталы. Әрине, арасында бір-екі бұзақылары бар шығар, ондайлар бұрын да болған. Осы аталарының еңбегін бағалап, құрметтеп жатса, одан асқан бақыт жоқ. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!» дейді батырдың жары.

Тоғанбай Қауымбаев, ҰОС-ның ардагері, Кеңес Одағының Батыры: «18 жасымда соғысқа аттандым. Оң мен солын, жақсысы мен жаманын ажыратып үлгермеген жігіт шағымызда бірден ұрыс даласына тап болдық. Соғыста жүргенде біздің бір-ақ арманымыз болатын. Ол — жеңіс! Сол арманға жетер жолда аянып қалмадық. Отан үшін немістерді де аямадық. Бүгінгі таңда сол жауынгерлердің басым бөлігі жоқ, көзі тірілері санаулы ғана. Өзге елдер секілді емес, Қазақстан соғысқа қатысқан әр батыр, тіпті әр жауынгерін, сол жылдары тылда еңбек еткен әр азаматын құрметтеп жатыр, рахмет! Біз отан қорғауда жасаған ерліктерімізді бүгінгі балаларға міндет етпейміз, тек бейбіт өмірді бағалай білсе болғаны!»

Жеңістің 65 жылдық мерей тойында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкенттің қақ ортасынан заманауи үлгіде салынған жаңа үйді сыйға тартқан. Батыр ата бұл жақсылықты құрметтің құрметі деп бағалайды екен. Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің саны азайғанмен, олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі қалмақ.