Қаратау ауданында 23 соғыс ардагері тұрады

624
Қаратау ауданы әкімдігі ардагерлерге құрмет көрсетті

Бейбіт өмір сыйлағандарға құрмет. Қаратау ауданы әкімдігі соғыс және тыл ардагерлеріне арнап салтанатты жиын өткізді. Аудандағы 23 соғыс ардагері мен 300 тыл еңбеккеріне жыл бойы көңіл бөліп, жағдайын жасап келеді. Бұл жолы Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанаттың қадірлі қонағы етті.

Қаратау ауданы әкімдігі ұйымдастырған мерекелік шараға соғыс және тыл ардагерлері көлікпен арнайы жеткізілді. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арнап жайылған дастарханның басына жиналған қауым сұрапыл соғыстан оралмаған, бейбіт өмірде қайтыс болған майдангерлерге құран бағыштап, еске алды.

Соғыстың ауыртпалығын елде қалған қарттармен бірге балалар да тартты. Еңкейген қариядан бастап, ес білген жасөспірімдерге дейін тылда аянбай еңбек етті. Жеңіс күніне арналған мерекелік бағдарламада қанды шайқастағы сәттер сахналанды. Ардагерлер көздеріне жас ала тамашалады. Мұндай көрініс тек сахнада сомдалсын деген тілектерін де жасырмады.

Қаратау ауданында өзге өңірлерден қоныс аударған, жаңа пәтерлерге көшкен ардагерлер тұрады. Солардың есебінен қарт майдангерлердің саны басымырақ.

Марат Тәжібаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Қаратау ауданында 23 ардагер, 300-ге жуық тыл еңбеккері тұрады. Оларға құрмет көрсету біздің азаматтық міндетіміз».

Әкімдіктегілер бұл реттік шара емес, ардагерлеріміз үнемі қамқорлықта болады деп сендірді.