Лондон Олимпиадасында Жазираның өнеріне куә болуымыз мүмкін

Қуан қазақ! Өзегіңді жарып шыққан өрімдей перзентің дүниежүзін мойындатты. Зілтемірді ұршықша иіретін бұрымды қыз жат елде Әнұраныңды әуелетіп, толағай ерлік жасады. Осыдан екі жыл бұрын Сингапур төрінде олимпиада чемпионы атанған қайсар қыз енді міне, әлемнің үздігі атанып отыр.

Жазира Шәмші әнге қосқан Арыс жағасында 1993 жылы дүние есігін ашқан. С. Адамбеков атындағы орта мектептің 4- сыныбында оқитын буыны қатаймаған балауса қыз спорт залға жиі бас сұғуды әдетке айналдырған. Жазираның бойындағы қазақтың бұғып жатқан бұла күшін әуелі байқаған Дүйсебек Құрманов ойланбастан жас жеткіншекті ауыр атлетика залына жетектеп әкелген. Ауыр атлетиканың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі маман шәкіртінің алдына мақсат қойып, ынты-шынтысымен тәрбиелеуге ден қойды.

Жаппарқұл әулетіндегі ағайынды жеті қыздың ең кенжесі осылайша көпшілікке таңсық зілтемір көтеруді құп көрген. Алайда алғашында тәуекелге бел буып, бағын сынап көруге ниеттенген оның бұл әрекетіне әке-шешесі қарсылық танытыпты. Қалай десек те, бауыр еті баласының зілбатпан темірмен арпалысып жатқаны қай ата-анаға оңай тисін. Бірақ алған бетінен қайтпай, қайта жаттығуды үдеткен Жазираның бұл әрекетіне көндіккен. Кейіннен қызының таңдауын білген әке-шешесі Жазираның бетінен қақпай, ауыр атлетикамен кәсіби түрде айналысуы үшін Шымкентке аттандырады. Мұнда келгеннен кейін білікті бапкер Рашид Төлегенов дарынды қызды өз қарамағына алады. Міне, өрімдей болса да кеудесіне алапат күш біткен талапты спортшының спорттық ғұмыры осылайша басталды.

Шүмектеп тер төгіп, күндіз-түні жаттығудан талғажу көрмеген қайсар қыз ауыр атлетиканың қыр-сырын меңгеруге әрекеттенеді. Осылайша сан тарау тарихы бар қазақ спортына ауылдан түлеп ұшқан тағы бір дарынды спортшы келіп қосылғанын мақтанышпен айтамыз. Талабы таудай, қарқыны қатты спортшы қыздың несібесі де молырақ екен. Тіл көзіміз тасқа, Арыстан шыққан айбатты қыздың бүгінгі жеткен жетістіктері таңданарлық. Қарқыны қуатты зілтемірші аз уақыттың ішінде-ақ, дүниежүзін мойындатты.

2010 жылы Сингапурде алауы тұтанған жасөспірімдердің тұңғыш Олимпиада ойындары Жазира үшін үлкен сынақ еді. Алғашқы бәсеке мол жауапкершілікті талап етті. Бағына орай, 63 келі салмақта олимп дуына қосылған толағай қызға қарсыластарының бәрі бас иді. Осы сында әлем біріншілігінің жүлдегерi, Еуропа чемпионы ресейлiк Диана Ахметовадан жеңісті жұлып алғанын күллі әлем ауыздарының суы құрып, жарыса жазып жатты. Қазақ қызының олимпиада ойындарында алтын тұғырдан көрінуі ел спортының тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Қаны таза, рухы мықты ұлтымыздан тағы бір саңлақ спортшы шықты, десті жұрт. Дегенмен, алпауыт қыз көзайым жеңістерге әсте тоқмейілсіген жоқ. Қайта алға өршелене түсіп, биікке өрлеу үстінде. Әрине, ауыр атлетикадан олимпиада ойындарында жүлде алған қазақ қызы түгілі ер азаматтың жоқ екендігін ескерсек, жеңімпаз жерлесіміздің ерлігі атап өтуге лайық. Қырағы мамандардың болашақта екі дүркін әлем жеңімпазы Майя Манезаның алдын орайтынына сенім білдіруі көңілімізге демеу.

Өткен жылы қарашада Францияның бас шаһары Парижде өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынаған Оңтүстіктің үміті бойындағы жігерлілілігін дүниежүзіне паш етті. Түсінікті жайт, мұндай аламанға алғаш қатысқан оның көрсеткіші 13 орынмен шектелді.

Осы чемпионаттың сәтсіздігін Жазира бізге былайша түсіндірген еді. «Әлемнің үздік ауыр атлеттері бас қосатын чемпионатқа қай тұрғыдан алсақ та жоғары дайындық қажет. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни, кеңесші Энвер Түркелери және құраманың белді спортшыларымен бірге жыл бойы шелектеп тер төктім. Алайда қол жеткізген көрсеткішіме көңілім толған жоқ. Бәрін байқадыңыздар, жүлденің жалынан ұстауға бар күшімді сарқыдым. Жарыстан көп нәрсені көкейге түйдім. Парижден елге оралысымен жаттығу залымен қайта қауышып, зілтемірмен арпалысуды бастап та кеттім. Ендігі бағытым жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты».

Айтса айтқандай, жасөспірімдердің олимпиадасында қарсылас шыдатпаған Жазира әлем чемпионатында да оза шапты. Өткен аптада Гватемалада байрағы түрілген жастардың әлемдік сайысында қазақ қызы қарымының қуатты екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, әлем чемпионы атанды. Сөз жоқ, бұл жеңістің жөні бөлек, жосығы ерек. Бұл – қазақ қыздарының әлемдік чемпионаттан олжалаған тұңғыш алтыны. 69 келіде ел намысын қорғаған ауыр атлетші жұлқа көтеруде 106, серпе жаттығуында 133 келіні ырқына көндіріп, қоссайыс қорытындысы бойынша 239 келі ұпай жинаған отандасымыз әлем үздігі атанды. Жазираға қандай мақтау айтсақ та жарасады.

Енді екі айдан кейін Лондонда Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Біздің басты үміт артарларымыз ауыр атлеттер екені белгілі. Бейжің ойындарында нәзікжандылар арасында 69 келіде Алла Важенина күміспен күптелгенін білесіздер. Сол жеңісті дәстүр Лондонда да жалғасын табуы тиіс. Ал бапкерлер кеңесі кімге сенім артатындарын әлі нақты айтқан жоқ. Дегенмен, олимпиада ойындарында жас та болса тегеурінді Жазираның өнеріне куә болуымыз да бек мүмкін. Егер де жерлесіміз олимп дуына қосыла қалса, ел абыройы үшін бар күш-жігерін көрсетеді деген ойдамыз. Бәлкім, Рио-де-Жанейро олимпиадасының алтыны біздің уысымызға түсер.

 

 

Рашид ТӨЛЕГЕНОВ, жеке бапкері:

– Өте еңбекқор қыз. Берген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Дегенмен әлі де болса жаттығуды күшейту керек. Бұл жеңісімен тоқтап қалуға болмайды, әрине. Алда дүбірлі бәсекелер күтіп тұр. Аз уақыттың ішінде-ақ, ұлттық құрамадан ойып тұрып орын алғанын білесіздер. Биылғы Лондон ойындарына қатысуына мүмкіндігі бар. Оны бапкерлер кеңесі шешеді. Егер жағдай біз ойлағандай болмаса, шәкіртімді алдағы олимпиадаға дайындаймын. Бұйыртса, келесі ғаламдық ойындарға міндетті түрде қатысуы тиіс.