Елімізде мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығын даярлайтын 3 жоғарғы оқу орны бар болса, соның бірі Шымкентте шоғырланған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде бұл факультет 1993 жылы ашылған. Бүгінде мұнда осы сала бойынша 613 студентке 214 профессор -оқытушы дәріс береді. Оқу орнындағы жәдігерлерден бастап, тарих қойнауындағы дүниелерді кеңінен қамтитын ізденуші-студенттер өткеннен сыр шертетін салаға өз еркілерімен түсіпті. Оқытушылардың айтуынша, мұражай ісі мамандығына қызығушылардың қатары күн санап артып жатқан көрінеді.
Алғабек Қабыл, ОҚМУ мәдениеттану әлеуметтік жұмыс және музей ісі кафедрасының аға оқытушысы:
— Қазіргі таңда музей мамандығына түсушілер көбейіп отырғаны жасырын емес. Олай дейтін себебім, жастар өткеніне көз жүгіртіп, көптеген тарихи жәдігерлерді бізден келіп сұрап, оған шолу жасайды. Айта өтетін жәйт, мектеп бітірушілер де бізге келіп, бұл мамандыққа түсуге қызығушылқ танытып отыр. Бізді әрине бұл қуантады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының ғылыми конференцияларда қорғаған еңбектеріне қарап-ақ ел ертеңінің тек шежіремен шарықтайтынына көзіміз жетуде. Біздің жас толқыннан, болашақ музей мамандарынан күтер үмітіміз көп.
Жанар Сабденова, мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау мамандығы 3-курс студенті:
— Менің мамандығым — менің мақтанышым! Себебі, қазақтың өткені мен бүгінін баяндайтын, әлемнің, жаратылыстың болмысынан сыр шертетін тек менің мамандығым ғана деп ойлаймын. Былайша айтқанда, тарихымыз бен ұлтымыздың қамқоршысы ғой. Әрине, менің бұл мамандықты таңдаған себебім де сол. Десе де дәл қазіргі діттеген мақсатым — білімімді жетілдіріп, өзге елдерде жатқан халқымыздың жәдігерлерін түгендеу. Сонда ғана мен өзімді өз мамандығыма сай маман ретінде санай аламын.
Республикалық оқу-әдістемелік орталықтағы студенттердің бет алысына қарап, қазақтың тектілігін танытатын жастардың жетіп артылатынына көзіміз жетті. Қалай болғанда да ұлт тағдырынан хабардар ететін саланың болашаққа берері мол екені хақ.