Мүмкіндігі шектеулі балаларға көлік әперіледі

256

«Жаңа күн» сазды ақпараттық бағдарламасында қонақта М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ ректоры, «Арулар» әйелдер клубының президенті Г.С. Сапарбаева мен мүмкіндігі шектеулі балаларды облыстық оңалту  орталығының директоры, «Арулар» әйелдер клубының мүшесі Ф.Қалиева болды.

26-мамыр күні облыстық опера және балет театрында «Шын жүректен» атты қайырымдылық  акциясы өткен болатын. Ұйымдастырушысы да осы «Арулар» әйелдер клубы.

«Жалпы, бұл балалардың мәселесіне, тағдырына қоғамның назарын аудару біздің негізгі мақсатымыз болды. Атсалысқандар аз болған жоқ.  Жиналған қаражатқа «Көксәйектегі»  мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының тәрбиеленушілеріне «Газель» автокөлігін әпереміз деп жоспарлап отырмыз. Кішкене қаражат жетіңкіремей тұр. Үлгерсек 1-маусым күні балалардың мерекесіне табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз»- дейді Гүлшара Сәрсенғалиқызы.

Мардан Сапарбаев атындағы ОҚГИ  дәл «Көксәйектегі» бұл балалр үйіне қамқорлығын көрсетіп келеді.

«Студенттеріміз барып ай сайын концерт, қызықты кештер ұйымдастырып тұрады. Барған сайын балалар да «мамалап» қарсы алады. Тағдырдың тауқыметін туа сала тартып жатқан жұдырықтай жүректерге қуаныш сыйлау мақсатында тотықұс секілді үй құстарын, бөлме гүлдерін, аквариумдарды да сыйға тартамыз. Акцияны өткізудегі мақсаттарымыздың бірі дені сау, он екі мүшесі түгел  балғындарға сабақ болса екен дейміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қайырым, мейірім болса екен жүректерінде»-дейді «Арулар» әйелдер клубының президенті Г. Сапарбаева.

Тікелей эфирде көрермендермен тілдескен студия қонақтарына шымқалалықтар алғысын жаудырды.  Айта өтейік, «Шын жүректен» акциясы 1-маусымда да жалғасатын болады.