Шымкентте Рамазан айындағы қайырымдылық шаралар жалғасуда.

Бұл жолы кәсіпкер азаматтың демеушілігімен Еңбекші, Қаратау аудандары мен Сайрам тұрғын алабындағы 500-ден астам тұрғынға азық-түлік өнімдері таратылды.

Жүк көлігіне тиелген азық-түлік өнімдері Еңбекші ауданына қарасты Жұлдыз, Қаратөбе және Сайрам тұрғын алабындағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына таратылады.
Құрбанбай Шәмшібеков, «Сайрам» тұрғын алабының төбе биі: «Коронавирустың кесірінен көбі жұмыссыз үйлерінде отыр. Соларға нашар отбасыларға азық түлік жеткіземіз. Алла разы болсын. Рахмет».

Шымкент қаласы әкімінің бұл бастамасын «НұрОтан» партиясының Еңбекші аудандық филиалы жалғастырып, ал жергілікті кәсіпкерлер игі істі қолдауға кірісіпті.

Баекен ӘШІРБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер: «Шын жүректен баршаларыңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын. Қала әкімінің бастамасын қолдап, елдің тумасы болған соң жерлестерімізге қолдау көрсетуді жөн көрдік».

Қасиетті айда қайырымдылықтан тыс қалмаған жандарға көмек алған ақ жаулықты аналар алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Шынар Оразова