Өз денсаулығыңды сақтауға құқылысың! «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясы осылай аталатын қайырымдылық акциясын бастады. Игi шараны Сарыағаш ауданынан бастаған ұжым, ондағы жергілікті емхаларға ентікпе дертіне аса қажет небулайзер, электронды таразы, шведтік қабырға баспалдақтары мен тонометрлерді сыйға тартты. Былтыр облыстағы перзентханаларды қажетті кұрылғылармен қамтыған компания биыл оңтүстіктегі 30 емханаға көмек беруді жөн деп шешіпті.
Қажетті медициналық аспаптармен қамтылғандардың арасында Жетісай, Асықата, Атакент, пен Шардарадан келген емхананың бас дәрігерлері де бар. Мемлекет қамтып отырғанымен, тез тозығы жететін аспаптарды «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясы алып берді. Бұл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасы екен.
Гүлайхан ЕМБЕРДИЕВА, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» компаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі аға үйлестірушісі: «Мұндай қайырымдылық шарасын біздің компания 2004 жылдан бастап жүргізіп келеді. Осы акция барысында облыстағы 30 емхананы 8 түрлі құрылғымен қамтитын боламыз. Осы әрекетіміз арқылы, оңтүстіктегі әлеуметтік ахуалды түзеуге септігімізді тигізгіміз келеді».
Емхана қызметкерлері үшін құрылғылардың ішіндегі бүгінгі таңда ең қажеті небулайзер аспабы. Мамандар мұндай аппарат әрбір емханада екеу, үшеуден тұрса да артықтық етпейді дейді. Жыл сайын ауданда 10 мыңнан астам нәресте дүниеге келсе, соның басым бөлігі тыныс жолдарын суықтатып алып, аспаптың көмегіне жүгінуіне тура келеді екен. Мәселен, сондағы жоғары санатты дәрігер Елжан Жұмақұлов небулайзер тапшы болған күндері баклашка құтысын кесіп, құрылғы ретінде пайдаланып, баланың аузының айналасын жара еткен екен.
Қайырымдылық акциясы Ордабасы мен Созақ, Сайрам, Түркістан аудандарындағы емханаларда мамырдың 18-і күні жалғасады. «Петроқазақстандықтар» сол кезде «Мейірім» оңалту орталығына 2 мүгедектер арбасын да сыйламақ. Компания бұл іс-шараны Елбасының 2012 жылғы кезекті Жолдауын қолдау ретінде ұйымдастыруда.