«ПетроҚазақстан» балаларға тамаша тарту жасады

Балғын балаларымыздың жазғы демалысын мән-мазмұнды өткізу сауапты іс. Ми қайнатар аптап ыстықта жеткіншектеріміз оқу-сауықтыру лагерінде хауызға шомылып, салауатты өмір салтын ұстанса ғанибет қой. Алайда әлеуметтік жағдайы аз қамтылған оқушылар кейде елеусіз қалып жататыны рас. Олардың еңселерін түсірмеу үшін жаны жайсаң азаматтар мәрттік танытса құба-кұп.

«ПетроҚазақстан ОйлПродактс» ЖШС-і көп жылдардан бері балауса балаларға шаттық сыйлап келеді. Компанияның «атымтай жомарт» азаматтары елеусіз қалған мектеп оқушыларының жазғы демалысын мағыналы ұйымдастыруды қолға алған. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Облыстағы Сайрам балалар үйінің 10 және компанияның қайтыс болған қызметкерлерінің 4 ұл-қызы Қызылорда қаласындағы «Арай-Санрайс» лагеріне жіберілді.

Аталған игі орын «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ-ның тікелей қолдауымен 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Онда тек республикадағы «ПККР» АҚ қызметкерлерінің ұл-қыздары демалады. Сауықтыру орны әр ауысымда 200 жеткіншекке қуаныш сыйлауға қабілетті. Облыс оқушыларының 2 ауысымдағы жазғы демалысын көзбен көру бақыты бізге де бұйырды. Әрине, «ПетроҚазақстан ОйлПродактс» компаниясының демеушілігімен. Демалыс аймағы атшаптырым аумақты алып жатыр. Мұнда балалардың уақытын тиімді өткізу жан-жақты қарастырылған. Оның бірден-бір ерекшелігі – сауықтыру орнының өз валютасы, киімі, мерекесі, ордені, композитор Р. Тайманов жазған әнұраны және Заңы бар.

Балалар әр 15 күндік ауысымда 19 үйірмеге қатысады. Әрбірі өзіндік тартымдылығымен, құндылығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, ескіден келе жатқан кілем тоқу, ши тоқу, саз балшық, сырмақ, құрақ көрпеше және ағаш оюға ерекше мән берілген. Сонымен бірге, заманауи бисер тоқу, гобелен, кестелеу, жұмсақ ойыншық тігу, макраме, сурет үйірмесінің есігі әрдайым ашық. Әрқайсысының тәрбиелік мәні зор. Одан бөлек, салауатты өмір салтына көңіл бөлінген. Жасөспірімдеріміз тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, қазақша күрес, каратэ, баскетбол, теннис және футболмен тыныстайды. Сондай-ақ, оқырмандарға арналған компьютерлік сынып пен «Арай-News» газетін айтпай кетуге болмас. Бір ерекшелігі, сүйікті орында ертегі кейіпкерлері менмұндалайды. Демалушылар орыс ауылы, Шахерезада шатыры, Қытай қалашығы, Биг-Бен және Робинзон үйшігінің ғажайыптарын тамашалай алады.

Расында, мұндағы республиканың әр аймағынан келген жас жеткіншектердің демалысы кісі қызығарлықтай. Біздің балалар сүйікті демалыс ұсынған «ПетроҚазақстан ОйлПродактс» компаниясына рахмет айтады. Бәрінің көңілі қуанышқа толы. Компанияның жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Еркін Жұмаділдің айтуынша, ертеңгі ұрпақтың жайын бүгіннен зерделеуіміз ләзім. Жыл сайын облыстың 100-ге таяу оқушысын жарылқайтын компанияның бұл қадамы өзгелерге үлгі боларлық, әрине.