Сабинаға есту аппараты әлі әперілген жоқ

Жанар Сманова, Сабина Кузнецова. Кохлеарная имплантация

Шенеуніктер құрғақ уәде беруге неге әуес? Мүмкіндігі шектеулі кішкентай Сабинаның анасы билік тізгінін ұстағандардың сөзіне сенуден қалды. Еске салайық, сәуір айының ортасында облыстық әкімдік өкілдері тез арада көмек көрсетілмесе, саңырау болып қалуы мүмкін Сабинаның мәселесін 12 күн ішінде шешетінін айтқан. Алайда арада 20 шақты күн өтті. Баланың сөйлеу қабілетін ретке келтіретін құрылғы әлі күнге дейін Сабинаға әперілген жоқ.

Даудың басын тағы да тарқатайық. Туылғанынан саңырау болып дүниеге келген 6 жасар Сабинаға 2008 жылы мемлекеттен қаржы бөлініп, ота жасалған болатын. Дәл сонда баланың басына сөйлеу қабілетін қалыпқа келтіретін құрылғы орнатылған еді. Арада 4 жыл өтпей аспап бұзылып қалады. Содан бері міне 8 айдан асты, кішкентай қыздың анасы аппараттың жаңасына қол жеткізу үшін шымкенттегі шенеуніктердің есігін тоздырып әлек.

Бұл жолда Жанар Сманова қандай алыптармен жанжалдаспады дейсіз. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы.Тек облыс әкімімен болған кездейсоқ кездесу келіншектің көңіліне үміт отын жағып еді сол кезде.

Жанар Сманова, Сабинаның анасы: «Сол кезде бізді Болатбек Әлиев жеке қабылдауына шақырып, қажетті құрылғы қызымның құлағына 12 күн ішінде орналастыратынын айтқан. Осы күні облыс әкімінің орынбасары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарымен жеке сөйлесіп, олардың «ЖАСАЙМЫЗ!» деген уәдесін алған.

Дегенмен, мұрсат берілген 12 күн де өтті. Шыдамды ана 20 күнді де артқа тастады. Бірақ балақайға кохлеарлы құрылғыны әкеліп берген ешкім жоқ. Мәселенің мәнін сұрап қалалық жұмыспен қамту орталығына барғанымызда олар аспаптың желтоқсан айында берілетінін мәлім етті. Ал Сабинаның анасы болса бұл күндері жанын шүберекке түйіп жүр. Өйткені, осы аралықта бүлдіршін бұрынғыша саңырауға қайта айналуы мүмкін.

Орынгүл Орақбаева, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы: «Олардың құжатындағы мәлімет бойынша, Сабинаның басына орнатылған құрылғының пайдалану мерзімі әлі біткен жоқ. Негізінен біздер оны осы жылдың желтоқсанынан бастап ауыстыруға қаржы бөлдіруіміз керек. Сондықтан бұл азаматтар аспапты алу үшін желтоқсан айына дейін шыдауы тиіс. Біздер белгіленген мерзімнен ерте әрекет ете алмаймыз».

Дегенмен, облыстық әкімдіктегілер Сабинаның бұл мәселесін ерекше жағдайға балап, қажетті аппаратты уақытынан бұрын береміз деп уәде еткен. Бірақ бір шартпен. Ол үшін облыстық мәслихатттың депутаттары кезекті сессияда бұл үшін қаржы бөлуі тиіс.

Роза Жәутікова, ОҚО әкімдігінің мониторингжәне әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі: «Мамыр айында облыстық мәслихат депутаттарының кезекті сессиясы өтеді. Сол кездесуде бұл мәселе де шешіледі депайта аламын».

Енді Жанар Сманова ешбір шенеунікке сенбеймін деп отыр. Келіншектің билікке деген өкпесі қара қазандай.

Жанар Сманова, Сабинаның анасы: Егер менің жанайқайыма біздегі билік назар салмаса, менің Президентке барғаннан басқаамалым жоқ. Өйткені, уақыт өте тығыз. Қызым қайтадан саңырау болып қалуы мүмкін. Түсінбейтінім, егер де жауапты қызметкерлер уәдесінің үдесінен шыға алмаса, яғни оның айтқанын қоластындағылары істемесе, онда құрғақ сөздің қажеті не? Ондай шенеуніктерге кім сенеді осыдан соң».

Шырмауықтай шырмалған мәселенің шатысын мүмкіндігі шектеулі баланың анасы жаза ала ма? Ол жағы белгісіз. Бізге белгісіз болып қала беретін тағы бір жәйт — ол шенеуніктердің не себепті жалған уәде беруден шаршамайтыны.