Шымкентте «Кеңес Одағының батыры» атағы берілмей қалған қарт жауынгер өмір сүреді

Балбек Досымов, ҰОС ардагері

Бұйрық бар, бірақ марапат жоқ. Шымкентте «Кеңес Одағының Батыры» атағы бұйрығы берілген, бірақ әлі күнге дейін онысын ешкім мойынсұнбайтын ҰОС ардагері өмір сүріп жатыр. Ол 92 жастағы Балбек Досымов. Қарт жауынгер мен оның әуес ісі жайлы аз-кем тарқатайық.

Балбек Досымов, ҰОС ардагері

Ұлы Отан соғысында түбегейлі бетбұрыс жасаған Сталинград шайқасында аянбай ерлік көрсеткендердің бірі Шымкент қаласының 92 жастағы тұрғыны Балбек Досымов. Генерал Еременконың 62-армиясындағы 124-жеке атқыштар бригадасының 4-минометшiлер батальонында көздеушi болған қарт жауынгер 1943 жылдың 27-қаңтарындағы қиян кескі ұрыста бір батальоннан көзі тірі қалған жалғыз жан. Айлап госпиталь төсегіне таңылған оны өлдіге балап ауылына тіпті қара қағаз келген.

Осылайша талай ауыр арпалыстарды бастан өткерген оның жан жарасына шипа болатын мандолин аспабының үні. Майдан даласында да қолынан түспеген аспапты ақсақалдың жанына серік еткеніне сексен жылға жуықтапты. «Менің көңілімді көтеретін осы мандолин ғана»-дейді Балбек қарт. Өйткені, оның 13 жасынан бергі сырласы да, мұңдасы да осы аспап. Бала күнінен  ұстаған бұл мандолин майдан даласында да қолынан түспепті. Тіпті маршал Жуковтың алдында жеңіліс тапқан неміс басқыншыларын мысқылдап ән де салып берген екен.

Қазыналы қарияның айтары көп. Оның есінен, әсіресе, 1943 жылдың 27 қаңтарындағы Сталинградты жаудан азат ету кезіндегі қиян кескі ұрыста туған өлең шықпайды. Қиян-кескі ұрыста екі аяқтан бірдей жараланғанына қарамастан комиссар Гуцаленконың бұйрығымен жауға оқ жаудыра беріпті. Бір батальоннан тірі қалған жалғыз өзі. Оның осы ерлігін маршал Жуковтың өзі елеп, «Кеңес Одағының батыры атағы берілсін» деген бұйрық та берген екен. Тек белгілі себептерге байланысты ол атақ алынбай қалыпты.

Балбек Досымов, ҰОС соғыс ардагері: «Екі кісінің қолы керек екен. 1-комиссардың қолы, 4-батальон комиссарының қолы. 2-ші командующий Шичигуа грузин, соның қолы. Ал ол қаза болып кетті. сол бір адамның қолымен ала алмаймыз деді».

Жеңісті ғана ойлаған ардагер бұған ол кезде мойыған жоқ. Тек кеудесіне тағылмай қалған тағы төс белгі бар. Ол қара қағазбен бірге өзінен бұрын елге келген «Ерлігі үшін» медалі. Қазір тым болмаса соны кеудеме тақсам деп ізденгенмен қолы жетпей жүр.

Дүйсен Досымов, ҰОС соғыс ардагерінің ұлы: «Әкемнің қолында «Ерлігі үшін» медалінің куәлігі бар, бірақ төсбелгінің өзі жоқ. Мұнан соң әкем Мәскеудегі Қорғаныс министрлігінің әскери округіне хат жазады. Ол жақтан мұны құптаған бұйрық келеді. Мұрағатты ақтара келе «Ерлігі үшін» төсбелгісінің бар екені анықталады».

Оның жан жарасын жазғандай болатын сексен жылдан бергі серігі көне аспап мандолині. Жеті жасынан тұл жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген ол бұл аспапта ойнауды сонда үйреніпті. Майданнан оралғасын 41 жыл ұстаздық еткен жанның кіндігінен өрген үш перзенті де мандолин шертеді. Ардагердің өзі ыңылдап ән айтудан еш жалықпайды. Бұйрық бар, бірақ марапаттың жоқ екенін саз аспабы ғана ұмыттырғандай…