Оқу жылын артқа тастап, арқаны кеңге салған оқушылардың жазғы демалысы мазмұнды да мәнді өтуі тиіс. Бос уақытын текке өткізбей, салауаттылық салтын ту еткені абзал емес пе? Ал спортты серік етушілерді құшақ жая қарсы алатын спорт мектептерінің қызметі қалай жүргізілуі керек? Облыстағы спорт мектептерінің бүгінгі ахуалы қандай?

Әсілінде, халықтың 30 %-ын бұқаралық спортқа тарту мәселесі әрбіріміздің көкейімізде тұруы ләзім. Қазір ұлттың рухы, күш-қуаты спортпен өлшенеді. Әлемдік аренада елдігімізді паш ететін бірден-бір жағдай спортшының тұғырға шыққан сәті. Сондықтан Елбасымыз дер кезінде шегелеп айтқан батыл бастаманы ендігі кезекте жандандыру сіз бен біздің қолымыздағы шаруа. Әсіресе, балауса жеткіншектер құр бекерге сабылмай, ұлт саулығына үлес қосуды ойласа құба-құп.

Расында, халық тығыз шоғырланған Оңтүстікте әлі де болса бұқаралық спортты дамыту баяу жүргізілуде. Облыс басшысының өзі кей-кейде жастардың денсаулығына алаңдайтынын айтып жүр. Мәселен, сарбаз атануға ынтысы бар бозбалалардың басым бөлігінің әскери тексеруден сүрініп жатқанына кімді кінәлаймыз. Мәселенің мәні салауаттылықты ұстанбауға келіп тіреледі. Мұны мойындауға тиіспіз.

А. Мырзахметов «Ырыс алды ынтымақ» дейтұғын келелі жиынның мінберінде тұрып: « Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдануға жағдай жасау, дәріптеу жұмыстары жеткіліксіз. Облысымыздағы 900-ден астам елді мекендердің басым бөлігінде, мектептен тыс ауыл жастары үшін қарапайым спорт алаңдары жоқ. Сонда жастар бос уақыттарын қалай өткізбек? Әрине, қол бостықтан әр нәрсеге ұрыну осыдан басталады. Сондықтан қала, аудан әкімдерінен барлық елді мекендерде қарапайым, шағын спорт алаңдарын құруды талап етіп отырмыз»,- дегенді меңзеген.

Таяуда облыстағы спорт мектептерінің ахуалын білмекке облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына бас сұқтым. Басқарманың бас маманы Шоқан Әбдіхалықов бірқатар жағдайдан хабардар етіп, кейбір түйіні шешілмеген мәселелелердің жайын қаузады. Оның сөзіне сенсек, жыл сайын спорт ғимараттарының саны артып, мектептердің жұмысы жандана түсуде екен. Бүгінде аймақта облыстық басқармаға қарасты 1 олимпиада резервін дайындау орталығы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, Б. Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорттық мектеп-интернаты, 14 мамандандырылған спорт мектебі мен 6 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жұмыс істейді. Онымен қоса, «Ордабасы» кәсіби футбол клубы Оңтүстіктің мақтанышы. Ал 4649 спорт ғимараты халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Оның ішінде 21 стадион, 10 спорт кешені, 3 оқу-жаттығу орталығы, 33 жүзу бассейні (2-уі жабық, 20 ашық), 6 спорт манежі және 748 спорт залы бар.

Маманның айтуынша, спорт мектептерінің оқушылары жаздың алғашқы екі айында демалысқа шығады екен. Тек тамыз айында ғана оқушылардың басы қосылады. Ал жаздың үш айында кәсіби спортшылар ғана жаттығу жасайды. Облыста жасөспірім балғындарға бар білген түйгенін үйретуші бапкерлердің саны 1164-ті құрайды. Әрине, аталған көрсеткіштерге көңіліміз көншімейтіні анық. Халық санына сәйкес келмейтін тұстары бар. Өзекті өртер өкінішті жағдайдың енді бірі кей аудандарда спорттық базалардың жұтаңдығы болып отыр. Атап айтқанда, Арыс қаласы мен Мақтарал, Бәйдібек және Қазығұрт ауданында спорт ғимараттары ескірген. Күрделі жөндеуге сұранып тұр. Ендеше, аудан әкімдіктері спортқа бір сәт назар аударып, орын алған олқылықтарды тәртіпке келтіруі тиіс. Дегенмен, бәрін мемлекеттің мойнына салып, бір шетте тымпиып отыруға тағы болмайды. Жаны жайсаң, қолы жомарт ағаларымыздың да мәрттік танытатын кезі келді.

Десек те, облыс оқушылары спорт мектептерінің есігі жабық тұрғанымен, 20 сауықтыру лагерлерінде демалатын болады. Оқушыларды қабылдау науқаны да басталып кетіпті. Бұл мақсатқа 86 млн. теңге қарастырылып, ағымдағы жылы 18 мың оқушы жазғы демалысын сергек өткізбек.