Балалық дәуреннің бал шақтарын орталық саябақта 1 маусым күні «Цеснабанктің» ұжымы ұйымдастырды. Күні бойы кішкентай балғындарды түрлі тартулар мен күлкіге бөлеген ұйымдастырушылар балақайларға арнап мерекелік шоу жасап, тәттімен сыйлады.

Цеснабанкі бұл күні кішкентай суретшілердің де көңілін тапты. 45 бүлдіршін асфальтқа сурет салып, қиялындағы бейнені әділ қазыларына паш етіп, мәз мейрам болысты. Жүлделі үш орынға таласқан үміткердің бірі Айдана Сабырқұлованың еңбегі еленіп, ол 3-орын алды.

Айдана САБЫРҚҰЛОВА: «Мен бүгінгі байқауда ғаламшарды қоршап тұрған балаларды бейнеледім. Осы арқылы балалар достығын көрсеткім келді. ІІІ-орынды иемденгенім үшін маған әділқазылар 5 мың теңге берді. Бізге осындай қуаныш сыйлаған «Цеснабанкіне» рахмет айтқым келеді».

Асан САДЫҚОВ, «Цеснабанк» АҚ ОҚОФ директорының орынбасары: «Балаларды қорғау күні мейрамына орай, «Цеснабанк» АҚ айрықша сый жасауды шешкен болатын. Банкіміздің 20 жылдық мерейтойына байланысты Қазақстанның барлық қалаларында балалар арасындағы сурет жарысын ұйымдастырдық. Біз, асфальт бетіне қиялындағы әлемін бедерлеген кішкентай суретшілерге алғыс айтамыз. Олар бүгінгі күні өте белсенді болды».

Балалардың мерекесіне арнап, «Цеснабанктің» өкілдері саябақтағы бар баланы тегін балмұздақпен сыйлады. Тәтті балмұздақтың дәміне бұл күні балғындар ғана емес, ересектер де тамсанды. Одан бөлек, мерекенің басты кейіпкерлеріне «Цеснабанктің» логотипі жапсырылған әуе шарлары да тарту етілді.