Оңтүстік шаруалары мал тұқымын асылдандыру арқылы ғана сапаға қол жеткізбек

Елімізде ірі қаралар жыл сайын көбейіп келеді, бірақ олардың еті мен сүтінің сапасы нашар әрі аз. Сондықтан, ірі қараларды қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандырумыз қажет. Бұл пікірмен облыстың фермерлері де келіседі. Сол себепті, соңғы үш жылдан бері Зеңгі баба төлін асылдандыру ісі өңірімізде қолға алына бастады. Мәселен, 2010 жылы облысымызда 43 мың, 2011 жылы 85 мың бас сиыр қолдан ұрықтандырылған. Ал биыл өңіріміздің ауылшаруашылық мамандары бұл межені 130 мың басқа жеткіземіз деп отыр. Ол мақсатты орындау үшін облыстық бюджеттен 350 милн. теңге бөлініп отыр.

Дегенмен, үш жыл бойы жасалған асылдандыру ісі облыста, бар болғаны, 3 пайызға жеткенін көрсетіп отыр. Бұл малшаруашылығымен айналысатын өңіріміз үшін тым төмен көрсеткіш дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов. Мәселен, біздегі бір іріқарадан жылына 2 мың литр сүт сауылса, шетелде Зеңгі баба төлінің кейбір түрлері 32 мың литрге дейін ағарған береді екен. Сондықтан өңірдегі жалпы көрсеткішті ең болмағанда 5 мың литрге дейін жеткізіп, асыл тұқымды мал басын 40-50 пайызға дейін жеткізуге барша бақташы мүдделі екенін айтады Берік Серікұлы.

Берік ОСПАНОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Қазіргі таңда бюджеттен ақша бөліп, облыстағы бар ірі қараны тегін ұрықтандырып беріп отырмыз. Яғни, ірі қарасы бар кез келген шаңырақ қолындағы ірі қараның санына қарай 100 пайыз толық субсидия ала алады. Мысалы, үйде 5 сиырыңыз болса, соған 10 мың теңгенің көлемінде ақша бөлінеді. Оның ішінде ұрық бағасы мен ұрықтандырушының жұмысы және т.б. бар. Қолдан асылдандыру процесі аяқталысымен, келесі жылға жаңа тұқымды төл алу мүмкіншілігі пайда болады».

Асылдандыру ісінде облыстың басшылары сүт және ет өнімдерін молайтуды көздеп отыр. Сондықтан аталмыш пилоттық жоба да осы бағыттарда жұмыс істейтін болатыны мәлім. Ол үшін «Әулиекөл», «Ақбас», «Алатау» сынды отандық бұқалардың ұрығы кәдеге асырылып жатыр екен. Осы тақырыпты дамытуды көздегендер сәрсенбі күні Ресейден асылдандыру жұмыстарымен айналысатын «Московское» ААҚ-ның басшылары арнайы шақыртылып, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің бастықтары болып бас қосып, семинар кеңесін өткізді. Жиында сөз алған қонақтар өз иелігіндегі бұқалардың түрлі тұқымын біздегі фермерлерге жарнамалап, ірі қараларды ұрықтандыру процесінің қыр-сырын жете түсіндіруге тырысты.

Еске салған жөн, оңтүстікте 194 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс істейді. Олардың 146-сы жекеменшікте, 48-і коммуналдық меншікте болып табылады екен. Мамандар бұндай бекеттердің саны биыл 264-ке артады деп жоспарлап отыр.
Ал қолдан ұрықтандыру жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Тассай» білім тарату орталығында облыс бойынша 120 техник-ұрықтандырушылар білімін жетілдіріп, сертификат бойынша жұмыс жасауда.

Мамандар іріқараларды қолдан асылдандыруға кемінде 10 жыл қажет дегенді алға тартады. Әлбетте, бұл ретте, олардың қоректену жүйесі де аз-кем рөл ойнамасы анық. Пилоттық жоба ретінде қолға алынған істі көп болып, қолдаса, асылтұқымды мал басы көбейеді деген сенімде.

Айтпақшы, пилоттық жоба биыл алғаш рет Түлкібас пен Төлеби аудандарындағы екі ауылда кеңінен іске асырылмақ.