Түркістан облысында түйе сүтін өңдейтін зауыт қайта іске қосылады

33

Түркістан облысында түйе сүтін өңдейтін зауыт қайта жұмыс істейді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мамыр айында Қытайға жұмыс сапарында осы «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компанисының басшыларымен кездесті. Жиын барысында облыста қайта іске қосылатын түйе сүті зауытының алдағы жоспарлары айтылды. Облыс басшысы зауыттың әрі қарай дамуына мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысы әкімі: «Біз көптен бері өңірімізде бұл жобаның қолға алынғанын жоспарладық. Міне енді бірлескен жұмыс арқасында зауыт өз жұмысын қайта бастамақшы. Біз өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта өндірістің дамуына мемлекет тарапынан қолдау болады деп айта аламын».

Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техниқалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка түрінде де шығаратынын атап өтті.

Ян Джи,  «Golden Camel group LTD» төрағасы: «Мен осы жолы зауытты қайта іске қосуға келіп отырмын. Бүкіл техника мен құрылғыларды толық тексеруден өткіздік. Енді іске қосуға дайынбыз. Жақын арада жұмысты бастаймыз. Біз қазір сүт бойынша барлық түйекештерді аралап шығуды жоспарлап отырмыз. Себебі күз уақытында түйелерге бірінші вакцина салынады.  Вакцина салынғанннан кейін белгілі бір уақытта сүтті қабылдауға болмайды. Соны тезірек салдыра беру керек. Себебі жақын арада сүт қабылдап бастаймыз».

Тәулігіне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін зауытқа 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Сонымен қатар ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарады.

Қазақстанда шығарылатын бірден бір өнімнің басым бөлігі шетелге экспортқа шығарылатын болады. Айта кетейік, бұл жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.