Түркістан: Мал шаруашылығы бойынша республикада көш бастап тұр

58
фото Егемен.кз

Түркістан облысы халқының 80 пайызы ауылды жерде тұрады. Тиісінше, өңірде ауылшаруашылық саласы да жақсы дамыған. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының айтуынша, Түркістан- мал шаруашылығы бойынша республикада көш бастап тұр. Ал алдағы уақытта бұл бағытты одан әрі дамытып, өзге кәсіп түрлеріне де қолдау білдіру жоспарланған.

«Түркістан мал шаруашылығын дамыту бойынша республикада көш бастап тұр». Осылай деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгінде мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсіп отырғанын айтады. Сонымен қатар ет экспорты бойынша да Түркістан алдыңғы қатарда. Бұған статистика дәлел дейді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда. Ірі қара мал етінің үлесі 85%, ұсақ мал – 60% құрайды. Биылғы 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 2,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді».

Ал биылдан бастап облыста «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Облыс басшысының айтуынша, шет мемлекеттердің тәжірибесін зерттей келе іске қосылған жобаға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаралып отыр. Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі АӘК алушылар саны азайып, кәсіпкерлер саны артады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Негізгі бағыттар бізде мал шаруашылығы. Басқа кәсіптерге де мүмкіншілік беруді жоспарлап отырмыз».

Жалпы Түркістанда 2,7 млн халықтың 80 пайызы ауылды жерде тұрады. Сәйкесінше кәсіпкерлердің басым бөлігі де ауылшаруашылығымен айналысады. Бірақ, туризм мен сауда саласында да кәсіпкерлік субъектілері баршылық.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 130 мыңнан 184 мыңға дейін жетті. Кәсіпкерлердің басмы бөлігі ауылшаруашылығы, сауда, туризм, өнеркәсіп саласында».

Айта кетейік, Түркістан қаласын дамыту әрі өркендтету бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі жекеге тиесілі.

Сонымен қатар 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларға жетті. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9347 жұмыс орны құрылды.

Мөлдір Ибадуллаева