Оңтүстікте ЖИТС-ке шалдыққан балалар көмекке зәру

237
206 ЖИТС-пен ауыратын бала мерекені атап өтті

 

ЖИТС ауруымен ауыратын балалар мерекелік кеш ұйымдастырды

Балалардың бәрі бірдей. Сондықтан 1-маусымды барша бала тойлауда. Жүре пайда болған синдроммен ауыратын балаларда бұл күнді атап өтуден шет қалмады. Республикамызда аты суық ауррумен 17 457 адам ауыратын болса, соның 206-сын Оңтүстіктің балақайлары құрап отыр. Десе де жазықсыз бүлдіршіндер қоғам назарынан тыс қалуда.

 Атаулы датаны «жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромымен» ауыратын балалар да тойлады. Көңілі жарым балалардың болашағы бұлыңғыр болғанымен, келер күннен күдерін үзбейді.

«Өкініштісі сол – күн өткен сайын ауруға қарсы тұру қажыры төмендеп, әлсіреген бүлдіршіндерге бүгінде ешқандай көмек қарастырылған жоқ, тіпті ең қажет делінген ем-дәрілерден де қағылды»,-дейді ата-аналары.

 

"ЖИТС"-ты балам сатып алған жоқ" - деді ашынған ана

Ана: » Шынымды айтсам, қатты ренжіп отырмын мемлекетке. Менің балам бұл ауруды сатып алған жоқ қой. Неліктен көмек көрсетпейді. Дәрі-дәрмек сатып әперсе де болады ғой. Ешкім ештеңе білмегендей боп жүр, менің бауыр еті балам көз алдымда көз жұмғанын қаламаймын. Түсінбейтінім сол – билік басындағылар ай қарап отырма екен?! Қашанғы біз шырылдай береміз осы. Өздері түсініп, кінәларын біліп көмек қолын созса болар еді. Өкініштісі – әзірге жанашыр-билікті көріп отырған жоқпын. Көз жасымды көл қылудан басқа шарам қалмады менің».

Көз ашқалы аурудың ащы дәмін татқан 215 (206-сы – 15 жасқа толмағандар, 9-ы – 15-18 жасар) баланың бүгінгі күйі осындай. Осындай кештерді өткізіп, санаулы ғұмырын көңілді өткізуге де мүмкіндік болмай отыр. Себебі, сахнаны жалға алуға қаражат қаралмаған. Аты суық аурудан балаларды қорғау қорының төрайымы Жаннета Жазықбаеваның қақпаған есігі қалмапты. Шенеуніктерден шарапат болмағандықтан, жуырда ғана сайланған билік басындағыларға өтініш жасаған. Халық қалаулылары құрғақ сөз қайтарумен шектеліпті. Сондықтан қазіргі үміті- тек балаларрдың көңілін табу.

Жаннета Жазықбаева, «жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромынан» балаларды қорғау қорының төраймы: «Айтарым көп менің. Мәселен, біздің қор 2006 жылы, қыркүйек айының 27-жұлдызында құрылған болатын. Ия, сол кезден бастап ешбір көмек көрсетілмеді. Тіпті жуырда ғана сайлауда өзіміз сайлаған халық қалаулыларының да алдына арнайы барып, көмек сұрадым. Құрғақ сөзбен шығарып салды. Бұл аз десеңіз, осындай кештерді ұйымдастырып алып, артынша жалдау құнын төлей алмай тұрамын. Қорда бір тиын қаражат жоқ. Жарайды, бұған да көндік. Дәл қазіргі уақытта тек менің қалайтыным -балалар аман болса екен. Осылардың жүзінен қуаныш көрсем болғаны. Ешкім бұларды қоғамнан шеттепесе екен, қолымен шошайтып көрсетпесе екен деймін. Бұл балалар – қорқынышты емес қой. Өтініш айтамын көпшілікке, олай жасамаңыздаршы…»

Кеш барысында тәттілер ұсынылды балаларға. Десе де туылғалы тағдардың ащы арнасымен тоғысқан өмірін бұл тәттілер тәттіге айналдыра алмасы анық. Айта өтейік, қыркүйек айында осы балалар үшін «мектепке жол» бағдарламысы жүзеге асады деп күтілуде.