Шымкентте есірткіні инемен қабылдайтын 2 мың нашақор тіркелген

27

Шымкентте есірткіні инемен қабылдайтындар саны жылдан жылға азайып келеді. 2021-2022 жылдармен салыстырғанда статистика 1000 адамға қысқарыпты. Бірақ бұл есірткі тұтынатындардың жалпы саны азайғанын білдірмейді екен. Мұны «Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес орталығының» мамандары айтты.

Максим 10 жылдан бері инемен есірткі қабылдап келген. Содан денсаулығы нашарлап, туған-туыс, достарынан да жырақтаған. Ол есірткіні әуел баста дертіне шипа болсын деп білмей қабылдап, содан кейін тәуелді боп қалғанын айтады.

«Есірткі жүйке жүйемізді құртады. Отбасымыздың да шырқын бұзады. Мен білмедім. Ойламаған жерден есірткіге тәуелді боп қалдым. Мен негізі спортпен шұғылданатынмын. Отбасым да болды. Ауырғанымда бір кісі «осыны ішсең кетеді» деген еді. Бәрі содан басталды. Инені қабылдаған соң денені ұстау мүмкін емес, құдды бір өзіңді сал ауруына шалдыққан адам сияқты сезінесің. Сондай кезде ешкім керек емес болып қалады екен. Есірткінің кесірінен жұмысымнан да айырылып қалдым» – дейді Максим(есімі өзгертілді).

Шымкент қалалық ЖИТС орталығының қызметкерлері нашақорлар арасында АИТВ жұқтырған 303 адам есепте тұрғанын айтады. Олардың 2-уі былтыр тіркелген. Қазір есірткіні инемен қабылдаушылар саны азайғаныман олар синтетикалық түрлерін қолдануға көшіп жатыр екен.

«Инемен салатын нашақорлардың саны азаюда. Олар көбіне басқа жаңадан шығып жатқан синтетикалық есірткіге ауысып жатыр. Бізде инемен тұтынатындар ішінде АИТВ жұқтыратындар қаупі жоғары. Оларға қауіпті практикамен айналысатынын, АИТВ жұқтырудың алдын алу үшін кішігірім әңгіме жүргіземіз. Оларға тегін негізде шприц пен сүрткі, мүшеқап береміз. Оған қоса тұрақты түрде АИТВ инфекциясына анализ тапсырып отырады» – дейді Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдына алу және оған қарсы күрес орталығының профилактикалық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Айнұр Медетова.

2023 жылғы дерекке сәйкес, ЖИТС орталығында есірткіні инемен қабылдайтын барлығы 2000-нан аса адам тіркелген. Оларға өмір бойы тегі ине мен спиртті сүрткіш беру жоспарланған екен. Мұның барлығы АИТВ инфекциясын жұқтыруды азайту үшін жасалып жатыр.